$ 494.87  520.65  4.91

«Расына келгенде, қыздар қысқа киімді өзін көрсету үшін киеді» - этнограф

Отбасындағы әйел рөлі қашан да биік болған деген Шойбеков бара-бара әркім өзі үшін өмір сүруге келе жатырмыз дейді.

Қазақ халқы қашан да қыз баланың тәрбиесіне жіті назар аударып, "қызды - қырық үйден тыю", "гүл өссе, жердің көркі, қыз өссе, елдің көркі" деген қағидаларын ұстанған. Ертеңгі күні бір ошақтың иесі атанар қыз баланың тәрбиесіне қатысты салт-дәстүрімізде қандай ұстанымдар бар? Отбасындағы әйел рөлі қандай? Stan.kz энографтарға хабарласып, сұрақтарға жауап алды. 

Этнограф-тілші Рүстембек Шойбеков қысқа киімнің түп мағынасын қазіргі жастар ұғына бермейді деген тұжырым айтады. Өйткені киімнің қысқалығы кедейліктің, жоқшылықтың белгісі іспетті екен. 

"Қысқа киім салт-дәстүрімізде болмаған. Ұзын киім -  кеңдіктің, молдықтың, сәндіктің баршылықтың белгісі. Киімнің қысқарып, тар болып қалуы және оған киім әпере алмауы кедейліктің белгісі. Жыртық киімдер мен жамаулы киімдер нені білдіретінін ойлау керек қой. Қазақы ырым бойынша бүтін киімге жарымағандықтың белгісі бұл. Қысқа киіп, денесіне сурет салып, шашына қамшының өріміндей етіп шаш жалғап алу, жыртық киіну мұның бәрі еліктеу, әсірелік дер едім. Жастық кезеңі өтіп, ана болады, ғұмыр берсе әже болып қартаяды сол кезде де денесіндегі суретімен  жүреді ме? Болашағын ойлау керек", - деген энограф ағамыздың қысқа киімдер зорлыққа шақырмайды деп қарсылық білдіріп жатқан қарындастарына айтар уәжі бар. 

"Расына келгенде, қысқа киімді өзін көрсету үшін киеді. Өзіне кімнің көзі түсіп тұрғанын қайдан білсін ол қарындасымыз. Оған жақсы адамның да, жаман адамның да, зорлық көрсететін адамның да көзі түседі. Барлық адамың ішкі көзқарасы бірдей емес қой. Ал кейбір қыздар қысқа белдемшені еліктеп, пәленшеден қалмайын деп те киеді. Ол - тобырлық мәдениет", - дейді Рүстембек Шойбеков. 

Отбасындағы әйел рөлі қашан да биік болған деген Шойбеков бара-бара әркім өзі үшін өмір сүруге келе жатырмыз дейді. 

"Отбасындағы әйелдің рөлі әр уақытта жоғары болды. Әке - түздің, әйел - үйдің адамы. Қазір бұл сөздің заманы өтті дерсіз, бірақ ата-бабамыз айтып кеткен осы сөздің жаны бар. Заманына сай әйелдеріміз ерлермен тең жұмыс істеп, мансап қуалайды. Дегемен, кейбір әйелдер еркегінен көп тапқандықтан, көп уақыты жұмысына арнағандықтан бала тууды шектейді. Одан кейін кейбір отбасыда қайсы көбірек тауып, қайсы отбасына қарайтынын ішкі келісімге байланысты болады. Қазір бәрін жоспарлы түрде істейді. Одан кейін үйінен тамақ ішпейтін отбасылар да бар. Демек, әркім өзі үшін өмір сүруге бара жатыр", - деп ойын қорытты Рүстем Шойбеков. 

Этнограф Ислам Жеменейдің айтуынша, әйел мен ер ешқашан тең бола алмайды. Өйткені жаратылысы екі бөлек, әркімнің өмірге келудегі өз миссиясы бар. 

"Әйелдің отбасында үлкен рөлі, міндеті бар. Мәселен, үйдің ер азаматына - тіреу. Еркек әйелсіз өмір сүре алмайды. Бірақ әйел теңдігі деген - жалған мәртебе. Өйткені күрделі мәселелерді әйел шеше алмайды. Бұл күрделілікті тек еркектің ішкі қуаты ғана шеше алады. Ал еркек сол қуатын сезініп, өз күшіне енуі үшін әйелдің қолдауы ауадай керек. Әйел алға шауып, бәрін мен шешемін деген кезде біздің қоғам күйрейді. Мәселе де сонда жатыр. Одан кейін әйел мен еркекке тән психология мен міндеттерді жақсылап зерттеу керек. Біздің ата-бабамыз еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынасқа тән мәселелерде өте көп ақыл-өсиет қалдырған. Шыныменен де ескірген салт-дәстүрлері бар шығар, оны жақсылап зерделеу керек. Бірақ жалпы алғанда біздің қоғамға тиімді салт-дәстүріміз бар. Соны дұрыс қолдансақ, әйел мәртебесі ешқашан кемімейді. Әйел абыройы оның биіктігі адан әрі асқақтайды", - дейді ол. Этнографтың сөзіне сенсек, біздің халқымызда әйелге қол көтеру, дөрекілік таныту болмаған. Тек кейіннен Батыс елдерінен келген "қылық" деп түсіндірді. 

"Батыс елдерін жақсылап зерттеп қарасаңыз, қаншама немістің, француздың еркектері өз әйелдерін ұрып жатады. Ал қазақта әйел затын ұру деген болмаған. Әйелге қол көтеруді кейінен орыс маскүнемдері шығарған. Оған дейін әйел азаматын аялап алақанымызда ұстайтын едік. Қазақ халқы әйелді өте жоғары сыйлаған. Шыны керек, әйелге былапыт сөз айту, ұру батыстан келген бәлекет", - деген ол қазақ қыздарының кинуі салты да ерекше әсем болған дейді.

"Қазақ әйелдері киім кигенде кербезденіп, жүріс-тұрысының өзі еркекті баурап, солай бағындырған. Ер мен әйелдің арасындағы баланс неге бұзылды, қарым-қатынаста неге түсініспеушілік көп болады десеңіз, әйел мен ердің функциялары өзгеріп, әйел еркекті бағындырғысы келеді. Барлық мәселенің бастауы осы жерден шығады. Әйел ер адаммен тең боламын деп ауырды көтере алмайды. Соны көтеремін, тең боламын деп өзін де, қоғамды да бейшара қылып жүр. Қолымнан бәрі келеді деп қалта көтеріп, сауда жасап жүргендері анау. Оның бәрін таста да, нәзіктігіңді сақта, сұлулығыңды күт, ауырды еркекке бер, сол алдында жүрсін. Ал әйел қауымы соған рухани күш беріп жүрсін. Тең боламын деп аласұрып жүргені анау? Тең бола алмайды. Әркім өзінің жаратылғандағы миссиясын, позициясын өзгертпеуі керек", - дейді этнограф Ислам Жеменей. 

Соңғы уақыттарда қызу талқыға түсіп, қоғамдық наразылық тудырған бейне-роликтен хабары бар екенін айтқан Ислам Жеменей қыздардың қысқа киюіне қарсы екенін жеткізді. 

"Қыздардың қысқа киінгеніне қарсымын. Киім де адамның ішкі болмысынан хабар береді. Есі дұрыс, әке-шеше тәрбиесін көрген қыз қысқа белдемше кимейді. Бұл өте күрделі мәселе. Қазақ қызының киімінен оның ақылдылығын, байсалдылығын, ірілігін, қазақи мінезін көргім келеді", - деген этнограф бейне-ролик идеясынынан қарсылық тудыратындай ешнәрсе көрмейтіндігін жеткізді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары