ОҚО Сарыағаш шекара отрядына қарасты «Қайрат» бақылау-өткізу бекетінің шекара наряды «Ашынал» арнасының маңайынан ішіне тасбақа толтырылған 100 литрлік бөшкені тауып алды деп хабарлайды ҚР ҰҚК Шекара қызметі.
Үлкен пластмасс ыдысты кімнің шекарадан алып өтпек болғаны әзірге белгісіз. Белгілісі, тасбақалардың барлығы да тірі, экзотикалық жануарды белгісіз біреу Қазақстанға әкеліп сатпақ болған деген болжам бар.
Қазіргі таңда тасбақалар арнайы питомникке орналастырылып, орын алған жайт құқық қорғау органдарына хабарланды дейді шекарашылар. Бауырымен жорғалаушылардың тағдыры алдағы уақытта шешілетін болады.