10.06.2020, 18:50

Сыр жастары Абай әндерін шырқады

Хакім Абайдың шығармалары еліміздің әр түкпірінде оқылуда. Қара өлеңді мәнерлеп жеткізумен қатар, Абай әндерін тамылжыта орындап жатқандар қатары көп.

Абай әндері тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырып, ерекше сезімге бөлейді. Хакім Абайдың туындылары халықтық негізден нәр алғандықтан, халық музыкасымен тамырласып жатыр. Сондықтан да дана Абайдың әндері халықтың жүрегінде сақтаулы.

Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Хакім Абайдың шығармалары еліміздің әр түкпірінде оқылуда. Қара өлеңді мәнерлеп жеткізумен қатар, Абай әндерін тамылжыта орындап жатқандар қатары көп. Осы орайда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен жастар арасында Абай Құананбайұлының 175 жылдығына арналған облыстық онлайн ән байқауы өтті.

«Құлақтан кіріп бойды алар» деген атаумен өткен байқаудың мақсаты – әдеби-мәдени құндылықтарымызды жаңғырту арқылы ұлтымыздың мақтанышы, ғұлама ойшыл Абайдың шығармашылығын кеңінен насихаттау», - дейді ұйымдастырушылар.

Онлайн режимінде өткізілген ән байқауына 11 үміткер қатысты. Байқаудың нәтижесі бойынша Қази Айжан есімді өрен І орынды иеленді. Әдемі үнімен тамсандырған Жанәділ Ақерке және Орынбасарова Саяға ІІ орын берілді. Ал, Марат Нәбиден, Сәбит Нұрмұхамед және Абназарова Жансая есімді өнерлі өнерлі жастар ІІІ орынға ие болып, арнайы дипломмен және университет сыйлығымен марапатталды.

Сонымен қатар, барлық қатысушыға университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Б. Ж. Абдикаримовтың алғыс хаты ұсынылды