$ 444.22  476.38  4.82

Сара Тайманова: «Абайды тану Абайдың көзі тірісінде басталды»

Әлихан Бөкейханұлы Абай шығармаларын жарыққа шығару туралы ұсыныс айтқан.

Қызылордадағы Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық кітапхананың ұжымы фейсбук әлеуметтік желісінің тікелей эфирі арқылы Абай мұрасы туралы әңгіме өрбітті. Тікелей эфир қонағы филология ғылымдарының кандидаты, «Болашақ» университетінің оқытушысы Сара Тайманова оқырмандарға Абай әлемі жайлы мазмұнды мағлұматтар берді. Тың мәліметтерге қаныққан желі қолданушылары маманға сұрақтарын жолдап, пікір алмасты. Эфир барысында айтылған құнды дүниелерді тізбектеп, назарларыңызға ұсынамыз.

Мұхтар Әуезов Абайтанудың іргетасын қалады.

«Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай түрлі мәдени, әдеби іс-шаралар өтіп жатыр. Жалпы Абайды тану қай кезеңнен басталды? Мұхтар Әуезов «Абай Құнанбаев» атты монографиялық еңбегінде Абайды танудың үш түрлі жолын атап көрсеткен. Біріншіден, Абай баспа арқылы танылды десе, екіншіден, Абай өлеңдері мен әндері ел ішінде ауыздан-ауызға тарады деген. Үшіншіден, шәкірттердің және ескіше хат таныған молдалардың Абай туындыларын қағазға хат етіп түсіруінің нәтижесінде танылды деп көрсетеді. Бұл хакім Абайды зерттеудегі алғашқы ой-пікірлер. Осы тұрғыда Мұхтар Әуезовтің еңбегінің ерекше екенін баршамыз білеміз», - деді Сара Тамшыбайқызы.

Әлихан Бөкейханұлы Абай шығармаларын жарыққа шығару туралы ұсыныс айтқан.

1889 жылы Мәшһүр Жүсіпов «Жаздың күні шілде болғанда» және «Күреңбайға» атты өлеңдерін «Дала уәлаяты» газетінде жариялап, Абайдың ақындығы туралы оң пікірін айтқан еді. 1909 жылы, яғни Абай дүниеден өткеннен кейін ақынның алғашқы өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Бұл кітапты жинақтап, жүйелеген, әрі өмірбаянын жазған Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл Абайұлы болатын. Абай төңірегіндегі асыл сөзді құрметтеген жастардың көбісі ақынның ауылынан шыққан. Осы орайда Абайға жекжаттық қатысы бар, яғни нағашылы-жиенді туысы болған Әлихан Бөкейханұлы 1909 жылы Абайдың өлеңдер жинағын шығаруға, өмірбаянын жазуға бағыт-бағдар беріп, ұсыныс айтқан деген пікір бар. Әлихан Бөкейханұлының 1903-1906 жылдары «Семипалатинский листок» газетінде Абайдың өлеңдері, аудармалары туралы орыс тілінде жазған мақалаларын ғылыми пікірлердің бастауы деп айтуға болады. Демек, Абайды тану Абайдың көзі тірісінде басталды.

Абайдың өлеңдерін сал-серілер насихаттады.

Абайды тек Тобықты руы ғана емес, еліміздің оңтүстігінен, солтүстігінен, батысынан іздеп барған ақындар да насихаттады. Мысалы, олардың қатарында Біржан сал, Әсет, Жаяу Мұса, Естай, Шашубай, әйелдерден Ажар, Сара, Зейнеп, Қуандық сияқты әнші-ақындар бар еді. Міне, осындай тұлғалар Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, әндерін орындау арқылы барлық қазақ даласына таратты. Абай шығармаларының ауызша түрде таралуы деп осыны айтуға болады.

Абай шығармаларына деген сыни көзқарастар

Бас ақын туындыларының қолжазба түрінде таралуы бойынша ақынның өз айналасындағы адамдардың еңбегінің ерекше болғанын айта кету керек. Мағауия, Ақылбай, Көкпай, Кәкітай, Ғабитхан, Кішкене молда және Нұрсейіт соның дәлелі. 1896 жылы Нұрсейіттің қолжазбасы арқылы Абайдың біршама өлеңі хатқа түсті.

Абайдың шығармаларына сыни көзбен қарау 1909 жылдан басталды. Сыни көзқарастар Кәкітай бастырып шығарған жинақтан басталғанын жазушы Сәбит Мұқанов айтқан. Онда: «Кәкітай Абайдың өмірінен аздаған мәлімет береді. Бірақ, бір нәрсені қамтымақ болады. Ол – Абайдың гуманизмі. Ал, Абайдың дінге деген көзқарасы, орыс әдебиетінен алған әсері қарастырылмаған», - дейді. Сонымен бірге, би-болыстарды сынаған өлеңдерін талдауға онша көңіл бөлінбейді. Себебі, бұл өлеңдердегі негізгі прототип өзінің ауылының адамдары, туыстары болды. Сондықтан, Кәкітай Ысқақұлы өлеңдерді талдамаған болса керек деген. Мұхтар Әуезовтен кейінгі Абайтанушы ретінде Сәбит Мұқановты айта аламыз.

Абайдың өлеңіне емес, шыққан тегіне қарады.

Абайды зерттеуді Мекемтас Мырзахметов Мұхтар Әуезовке дейін және кейін деп үшке бөліп қарастырады. Ал, Досым Омаров болса Абайды тануды төрт кезеңмен байланыстырады. Ол 1904-1924 жылдар аралығын Абайды зерттеудің алғашқы кезеңі дейді. Бұл жылдарды Досым Омаров Абай туралы ізденудің алтын кезеңі деп есептейді. Өйткені, сол жылдары Абай мұрасын оқып, насихаттау үшін ешқандай кедергі болған жоқ. Ал, 1924-1939 жылдар аралығын екінші кезең деп қарастырып, бұл уақытты Абайтанудың құлдырау кезеңі деп атаған. Лениннің «Партиялық ұйым және партиялық әдебиет» деген мақаласын басшылыққа алған кеңестік идеология қоғамдағы көркем өнерге таптық тұрғыдан баға берді. Яғни, өлеңнің мазмұнына емес, автордың шыққан тегіне қарады. Осы жағынан Абай қазақ ақындары ішінде ең көп соққы алған ақын болды. 1939-1991 жылдар аралығын тоқырау жылы дейді. Өйткені, бұл жылдарда Абайдың ұлылығы толығымен мойындала қойған жоқ еді. Осы аралықта Абайдың ағартушылық, әйел теңдігі, әлеуметтік теңсіздік бағытында жазылған шығармалары ғана дәріптелді. Бас ақынның өлеңдеріндегі философияға, ұлттық мінезге ешкім терең бара қоймады. Ол мүмкін емес те еді. Ал, 1991 жылдан бері Абайды танудың төртінші кезеңі жүріп жатыр. Жаңа көзқарас, жаңа пікірлер қалыптасты, зерттеу еңбектері оқырмандар қолына тиді

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары