Жылқылар өткен жылдың қараша айында жоғалған болатын. Полицияға арызданған шаруа қожалығының иесі 42 бастан тұратын бір үйір жылқысын таппай қалғанын айтқан.
Жануарлардың барлығына да ен салынған. Олардың жалпы құны 9 миллион теңгеге бағаланды деп хабарлайды Total.kz Павлодар облыстық Ішкі істер департаментіне сілтеме жасап.
«Жылқылар үнемі жайылымда болған. Таңертең оларды түгендеп, кешкісін еркіне қоя береді, ешкім күзетпейді. Соңғы рет жануарларды 17 қараша күні таңертең көрген. 18 қарашадан бастап жылқышылар оларды өздері іздеп көрген. Алайда, іздеу жұмыстарынан еш нәтиже шықпаған соң тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінуге тура келіпті. Бұған дейін де үйірдегі жылқылар желдің бағытымен жүріп, 2-3 аптадан кейін қайта табылып келген екен», - делінген полицейлер таратқан хабарламада.
Қазіргі таңда аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ал, бір үйір жылқы Шидерті ауылынан 12 шақырым қашықтықтағы көлден табылды. Барлығы да мұз астында қатып қалған.