Жаңалықтар 12.06.2020 сағат 16:00

Аурухана дәлізіне рұқсатсыз шыққан мүгедек науқас дәрігерден оңбай таяқ жеді

Сәуленің айтуынша, інісінің таяқ жеуіне дәлізге рұқсатсыз шығып кетуі себеп болған.
Аурухана дәлізіне рұқсатсыз шыққан мүгедек науқас дәрігерден оңбай таяқ жеді
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Жамбыл облысында дәрігер мүгедек науқасты дәлізге рұқсатсыз шығып кеткені үшін соққыға жыққан. Оны өзі ғана ұрып-соқпай, диспансерде жатқан өзге де науқастарға тепкілеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Оқиға «Жамбыл облыстық психикалық аурулар диспансері» ШЖҚ мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында бір апта бұрын болған. 1973 жылы туған Берікәлі Сүйінбаев 33 жылдан бері мүгедек. Оны 14 жасында ауылдың ересек жігіттері аяусыз тепкілеп, соның салдарынан жасөспірім ұзақ уақыт емделген. Алайда, басынан соққы алған Сүйінбаев толық сауығып кете алмай, мүгедек болып қалған. Кейін дәрігерлер оған шизофрения диагнозын қойыпты. Мүгедек жігіттің ұйқысы бұзылған соң, туыстары екі аптаға диспансерге жатқызған.     

«Мұнда карантин болғандықтан бізді науқастарға жібермейді. Тек қабылдау бөлімі арқылы тамақ, өзге де қажетті заттарын беріп тұрдық. Екі күн бұрын мені ішке жіберді. Алдымнан шыққан бөлім меңгерушісі маған Беріктің төбелес шығарғанын айтып, оны кінәлай бастады. Ініммен кездескен кезде оның көзі көгергенін, соққыға жығылғанын көрдім. Жағдайды сұрағанда, ол «медбраттың» өзін ұрып тастағанын, қалай қинағанын көрсетті», - деді науқастың туған әпкесі Сәуле Сүлейменова.

Сәуленің айтуынша, інісінің таяқ жеуіне дәлізге рұқсатсыз шығып кетуі себеп болған. Берік өзіне туыстары сәлемдеме беріп жіберген деп ойлап, шатасып қалған көрінеді. Бұл қылығы үшін медқызметкер Беріктің «сыбағасын берген».

«Берікті ұрған медқызметкер Николай Бондорцов есімді еңгезердей жігіт екен. Бір өзі ұрып қана қоймай, диспансерде бұрыннан жататын науқас жігіттерге де тепкілеткен. Қолын қайырып құлатып, жабылып соққыға жыққан. Інім көмек сұрап, дауыс шығармас үшін жағын басымен бірге орап, таңып тастаған. Аяқ-қолын бинтпен байлап, тұра алмайтындай етіп жатқызып тастаған. Бауырым түнімен көмек шақыра алмай әрі шөлдеп қиналып, өлік сияқты қозғала алмай жаттым деді. Онымен 30 жылдан бері бірге тұрамын, үйде немерелерім, келінім, бәріміз бірге тұрамыз. Ол ешқашан біреумен төбелескен емес, айғайлап ұрыс шығарғанын да көрмегенмін. Ол сәби сияқты, мүгедек адам. Бала секілді жәутеңдеп тұрады. Ауруы қозғанда түнімен қиналып, ұйықтай алмайды.  Сондықтан жылына бір рет осы ауруханаға жатқызып емдетеміз. Мұндағы науқастарды көрсеңіз, өзінен-өзі бір нәрседен қорқып тұрады», - дейді С. Сүлейменова.

Беріктің әпкесі мекеменің ішінде болған келеңсіздікті бөлім  меңгерушісіне айтқан. Алайда, мәселені тез арада шешудің орнына, медқызметкерлер науқастарды кінәлап, тіпті туысының көзінше Берікті қорқытуға көшкен көрінеді. Бірақ іс насырға шауып, «құпия» ашылып қалған соң, диспансер басшылары кешірім сұрап, болған жағдайды ешкімге айтпаңыздар деп өтініш айта бастаған. 

«Олар кабинетке інімді соққыға жыққан Николайды шақырып, менің көзімше «Олай айт, бұлай айт» деп ініме ұрса бастады.  Мен оларды тоқтатып, сіздердің айтқандарыныз бойынша емес, өзінің көргенін айтсын дедім. Сол кезде «Ешқайда арызданба» деп дәрігерлер менен кешірім сұрай бастады. Мұндағы науқастар онсыз да өмірден қызық көрмеген, көмекке мұқтаж жандар. Оларды осында жатты екен деп қорлауға болмайды ғой. Аяқ-қолы, басы, аузы байлаулы, әбден таяқ жеген інім сол түні қиалып жатқанда өліп қалса не болар еді? Бастықтар ол кезде не деп ақталар еді? Қазір диспансердегі дәрігерлер таныс арқылы қайта-қайта хабарласып, арыз жазбасын деп жатыр. Сонда бәрін үнсіз қоя салуым керек пе? Медқызметкер менің көзімше оған тағы айғайлап, ұрысып жатыр. Яғни, олар ақыл-есінде кемістігі бар науқастарды үнемі осылай қорқытып ұстайды деген сөз», - дейді шағымданушы.

Облыстағы психикалық аурулар диспансерінде 600-ден астам медициналық қызметкер жұмыс істейді. Мекеменің жүйке аурулар бөлімі – 340, ал наркология бөлімі 180 адамға арналған. Қазіргі уақытта барлығы 440 науқас ем алып жатыр. Диспансердің бас дәрігері аталған жағдайдан мүлдем хабарсыз екенін, төбелесті тілшілерден естіп тұрғанын айтып, таңқалды. Басшылық лауазымға бір ай бұрын ғана тағайындалған Серік Жетібаев та өз қызметкерлерін жақтап, науқастардың сөзіне сенбеуге шақырды. Алайда істің мән-жайын анықтаған соң, арнайы тергеу жүргізетінін мәлімдеді. 

«Мен қазір анықтап білдім. Науқас агрессияда болған соң оны тыныштандыру үшін Николайдың қолы тиіп кеткен болуы мүмкін. Николай Бондорцовтың өзі ауырып қалыпты. Бүгін түстен кейінгі уақытқа науқастың туыстары мен қызметкерді шақырттым. Тергеу жүргіземіз. Егер қызметкерлер кінәлі болса жазаланады, жұмыстан шығарылады. Ұрғаны рас болса, істі полицияға жібереміз. Науқастар онсыз да өздерін қорғай алмайтын жандар болғандықтан, істі бұлай қалдырмаймыз. Психикасы бұзылған аурулар болған соң, кейде тістеп алу, қарсы шығу сынды жағдайлар болып тұрады», - деді  «Жамбыл облыстық психикалық аурулар диспансері» ШЖҚ МКК бас дәрігері Серік Жетібаев. 

Ал Сәуле Сүлейменова қорғансыз жандарға қол көтеретін қызметкерді жұмыстан кетірмей тоқтамаймын деп отыр.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар