29.03.2016, 03:57

Алматыдағы евангелистер шіркеуінен қару-жарақ табылды

Алматыдағы евангелистердің "Жаңа өмір" деп аталатын шіркеуін тексеру барысында құқыққорғаушылар қару-жарақ пен оқ-дәрілер тауып алды деп хабарлайды Tengrinews.kz Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Айта кетейік, бұған дейін аталған шіркеу пасторлары келушілердің садақаға берген қаражатын жымқырып келген деген айыппен ұсталған болатын.

"2016 жылдың 25 наурызында сот санкциясы бойынша аталған діни бірлестіктің кеңсесі мен басшыларының үйлерінде тінту жұмыстары жүргізілді. Мақсат - күдіктілердің алаяқтық деректерге қатысы барын анықтау болатын. Нәтижесінде, ұйымның қаржыға қатысты барлық құжаттар тәркіленіп алынды. Сонымен қатар, тіркеуге алынбаған қару-жарақ пен оқ-дәрілер де табылды" делінген аталған хабарламада.

Айта кетейік, пасторлардың үстінен Алматыдағы ішкі істер органдарына 2015 жылдың шілдесінде үш азамат арызданған болатын. Олар осы "Жаңа өмір" шіркеуінің пасторлары ірі көлемде қаржы жымқырып, жылжымайтын мүліктерді иемденіп алғандығын айтқан. Көрсетілген дүниелердің барлығы келушілерден садақа ретінде алыныпты. Осы деректерге байланысты бүгінгі таңда діни бірлестік басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.