Ақтауда бойжеткен қыз өз көлігімен кішкентай баланы қағып кетіп, өзі оқиға орнынан қашып кеткен деп хабарлайды «Актау-Лада» порталы жергілікті ішкі істер органдарына сілтеме жасап.
Полицейлердің мәліметінше, оқиға 27 наурыз күні кешкі сағат 17:30 шамасында «Бәйтерек» сауда орталығының маңында орын алған. Kia Rio автокөлігінің жүргізушісі артқа жүремін деп, кішкентай баланы соғып кетіпті. Алайда, жәбірленушіге көмек көрсетудің орнына күдікті оқиға орнын тастап қаша жөнелген.
Жол көлік оқиғасы салдарынан Маңғыстау-3 ауылының 5 жасар тұрғынының басы жарылып, ол ауруханаға жеткізілді. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді, денсаулығына үлкен қауіп төніп тұрған жоқ.
Ал, кінәлі жүргізуші болса алысқа қаша алған жоқ. Жедел іздестіру жұмыстарын жүргізген тәртіп сақшылары күдіктіні жақын маңнан ұстады. Тексеру барысында белгілі болғандай, бала соққан көліктің тізгінінде «Самал» шағынауданының 19 жастағы бойжеткен тұрғыны болған. Қазіргі таңда ол тергеліп жатыр. Ал, автокөлігі айып тұрағына қойылды.