$ 498.34  519.72  4.85

ҚазҰУ бухгалтерлері студенттердің оқу ақысын қалтасына басып келген

Қазақ Ұлттық университетінің есепшілері студенттердің оқу ақысына деп төленген қаражатты қолды қылған. Салдарынан бірнеше студент әліге дейін борышкерлер қатарында жүр. Ал, ақшаны кімнен өндіретінін сот шешеді деп жазады Informburo.kz. 

Тергеу материалдарында көрсетілгендей, бухгалтерлер студенттерге оқу ақысын банкке барып емес, қолма-қол төлеуге болатынын, тіпті ол үшін арнайы жеңілдік жасалатынын айтыпты. Кей студенттерге ақшаның төленгенін растайтын чек те берген. Алайда, бітіруші түлектер диплом алатын кезде университет алдында қарызы бары анықталып, олар соңғы сынақтан өткізілмеген. 

Қазіргі таңда күдікті үш әйел - Сәуле Жекенова, Диана Тұрсынбекова және Балауса Нұрлан ешқайда кетпеу туралы қолхат жазып, сот процесін күтіп отыр. Олардың әрқайсысында кішкентай балалары болғандықтан тергеу кезінде қамауға алынбаған.

Алғашқы сот отырысында судья жәбірленуші тарапты, яғни студенттерді тыңдады. Олар түгел дипломдарын алып болған екен. Тек мойындарындағы қарыз әліге дейін өтелмей тұр. Заңгер мамандығы бойынша білім алған Әлібек Хамиттің айтуынша, ол есепшілер берген чектің жалған екенін сол кезде-ақ білген көрінеді. Алайда, ешкімге тіс жармаған.

"Жыл сайын мен оқуымның ақысын банк арқылы төлейтінмін. 2011-2012 жылдар аралығында маған группаласым хабарласып, оқу ақысын жеңілдікпен төлеуді ұсынды. Мен онсыз да сол кезде қарыз едім, сондықтан 347 мың теңгенің орнына 170 мың теңге төлеуге келістім. Ақшаны кімге беру керектігін сұрағанда, группаласым есепшілер бөліміндегі Сәуле деген әпкесі барын, соған тапсыру керектігін айтты. Кейін маған сессияға кіруге рұқсат және ақшаның төленгені жөнінде чек берді" дейді Әлібек Хамит есімді ҚазҰУ түлегі.

Чектің қолдан жасалғанын білсе де студент оған аса мән бермепті. Салдарынан оның университет алдындағы қарызы қазір 508 мың теңгені құрап отыр.

Ал, сол кезде студент болған тағы бір жәбірленуші Сиявуш Гадаев группаластарынан өзі ақша жинап, Жекебаеваға әкеп беріп отырған. Алайда, ол бұл істің заңға қайшы екенін білмеген.

Күдікті Сәуле Жекебаева болса өзін кінәлі санамайды.Оның айтуынша, жәбірленушілердің айтып тұрғаны жала, ол ешкімнен ақша алмағандығын айтып дәлелдемек.

"Мен бұлардың мәлімдемесімен келіспеймін. Мен олардың ешбірінен ақша алмадым, тіпті бірінші рет көруім. Бұған дейін тек тергеу кезінде ғана көргенмін. Ешқандай студентке мұндай қызмет түрін ұсынбағанмын, оған құзыретім жетпейді" дейді С.Жекебаева.

Әзірге үш күдіктіні 120 миллион теңгені қалтасына басты деп айыптауда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары