Халқымыздың ұлы ақыны, ойшыл, сазгер, данышпан, дара тұлға Абай Құнанбайұлының 175 жыл толуына орай Қызылорда облысы, Арал қалалық балалар кітапханасы «Біз – ұлы Абайдың ұрпағымыз» деген ұранмен Абай өлеңдерін оқу шарасын онлайн форматында ұйымдастырды. Фейсбук парақшасында өткізілген шараға аймақ балалары белсенді атсалысып, өздері оқыған өлең шумақтарын жолдады.
Желі арқылы жүзеге асқан іс-шарада хакім Абайдың «Ғылым таппай мақтанба!», «Күз», «Қыс», «Заманақыр жастары», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңдері оқылды. Сонымен қатар, оқушылар Абайға арнау жазған ақындардың өлең жолдарын да оқып берді.
«Абай – біздің рухани көсеміміз,
Абайды оқып, өрістеп өсеміз біз.
Абай біздің келешек кімдеріміз
Бүгінгіміз, ұмытылмас кешегіміз.
Абайды оқу – өзіңді өзің тану,
Намысыңды өткірлеп қайта жану.
Абайды оқу ізгілік-парасаттың
Мұхиты мен еңселі тауын тану!» - деп арнау оқыған балалар арасында Абай туралы ойларын ағылшын тілінде жеткізгендері де бар.
«Абай мұрасы – қазақ халқының теңдесі жоқ алтын қазынасы. Заман ауысып, қанша уақыт өтсе де, халқымыз ғұлама Абайдың рухани дүниесіне терең бойлап, ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсуде. Ақын шығармалары қалың елі қазағын ғасырлар бойы биік шыңдарға, асқар асуларға шақыра беретіні анық», - деді шара ұйымдастырушылары.