Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылатын 37 ауқымды іс-шара ұсынылды. Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры сахнасында қойылған Ерсайын Төлеубайдың «Абай» драмасы осы шаралардың алғашқысы болды. Мыңмен жалғыз алысқан, соқтықпалы соқпақсыз, жанының жұмбағы терең Абай образы бұл спектакльде ерекше суреттеледі. Сонымен қатар, ақын мұрасын насихаттау мақсатында Семей қаласындағы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық музейінің «Абай – дана, Абай – дара қазақта» жылжымалы көрмесі ұйымдастырылған еді.
Биылғы маусым айынан бастап «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Бәбіш мола, Қышқала, Жанкент, Сығанақ, Сортөбе қалаларының орнында қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ескі шаһарлардың арасында тарихы Алтын Орда заманымен сабақтасатын қалалар да бар.
«Бүгінгі жаңа – ертеңгі аңыз есімдер» және «SACRAL ТУР» жобасы аясында Сыр бойында тарихи-танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады. Жыл соңына дейін телеэкспедициялар, облыстық байқаулар, күйшілер мен домбыршылардың шеруі сынды 15-тен астам онлайн шаралар өтеді деп жоспарланып отыр. Соның ішінде төл тарихымызды зерттеуге, қазақтың бас ақыны, ағартушы, хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткізілетін, Абай мұрасын насихаттауға, арналған іс-шаралардың шоқтығы қашанда биік.