$ 494.87  520.65  4.91

Әл-Фараби мұрасын дәріптеуге арналған таным сағаты

Қазақ ғалымдарының қажырлы еңбегінің нәтижесінде мың жылдан кейін ғұламаның қазақ жерінен екені дәлелденді.
Фото: ашық дерек көзі
Фото: ашық дерек көзі

Қызылорда облысы, Сырдария ауданының №1 кітапханасының ұйымдастыруымен «Әл-Фараби – әлемнің екінші ұстазы атанған ғұлама» атты онлайн таным сағаты өтті. Шығыс ойшылы, ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай өткен шарада екінші ұстаздың өнегелі өмірі, зерттеу жұмыстары туралы ақпараттар айтылды. Шығыс ғұламасына арналған таным сағатында Әл-Фараби туралы құнды мәліметтерді кітапхана оқырмандарының жеткізгендігін айта кету керек. 

«Әл-Фарабидің 870 жылы Отырар қаласында туылып, 950 жылы Сирияның Дамаск шаһарында дүниеден өткені туралы ресми деректер бар. 1970 жылға дейін Әл-Фараби Орта Азия ғалымдарының санатында болды. Қазақ ғалымдарының қажырлы еңбегінің нәтижесінде мың жылдан кейін ғұламаның қазақ жерінен екені дәлелденді. Мәскеу мен Алматыда Әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуына орай халықаралық ғылыми конференция өткен болатын.

Осы орайда атақты ғалым Ақжан Машановтың еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әл-Фараби еңбектерінің қашанда маңызы зор. Атақты Ибн Сина әл-Фарабидің «Тағылым әл-Сәни» кітабынан тағылым алған. «Философиялық трактаттар», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы», «Аристотель мен Платон көзқарастарының бірлігі негіздері туралы», «Музыканың үлкен кітабы» еңбектерінің мәнісі тереңде. Араб музыкасының жалпы тарихын жазған белгілі ғалым Фармер: «Барлық ғылым саласында әл-Фараби екінші ұстаз, ал музыка саласында бірінші ұстаз» - дейді.

Ұлы ғұлама туралы ең бірінші болып  Әнуар Әлімжанов «Ұстаздың оралуы» атты повесть жазды. 1979 жылы Мәскеуде жарық көрген кітапта Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі жан-жақты көрсетілген. Орыс тілінде шығарылған бұл кітап әл-Фарабиге қатысты ұлт туралы таластың нүктесін қоюға себеп болды. Әбу Насыр әл-Фараби өмір шындығын іздеп өткен. Әрі өмір шындығы – ғылымда деп, бар өмірін ғылым үшін сарп еткен. Қазіргі заманда ұлы ғұлама әл-Фараби ұсынған шындық іздеу мен әділетті ынсап  жолын игеру керек деп білемін», - деді Мектепхан Елеусінов. 

«Жастайынан зерек болған Әбу Насыр әл-Фараби алты жасынан бастап ел аралап, білім қуады. Шығыс ғұламасы Бағдат қаласында әлемдегі ең үлкен кітапханада ізденіс жасаған. Әл-Фараби Аристотель мен Платон еңбектерімен осы кітапханада танысқан еді. Аристотельдің «Метафизика», «Аналитика» деген кітаптарын түрік тілдеріне аударып, басқа ғалымдарға жеткізді. Әл-Фараби сәуленің жиналуы, таралуы жөнінде ауқымды еңбек жазған», - деді Ұмытпас Байдәулетов. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#мұра