$ 498.34  519.72  4.85

Тау басына демалуға шыққан 22 оқушының бірі құздан құлап өлді

Қазір полицейлер «Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау» бабымен іс қозғап, сәтсіз серуенге шыққандарды тергеп жатыр.
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Түркістан облысында тауға шыққан оқушылардың бірі биіктен құлап ажал құшты. Тағы екі бала жарты тәулік бойы таудан түсе алмай, қалып қойған. Шымкенттен жеткен құтқарушылар оларды бүгін түстен кейін ғана құтқарып алды. Төле би ауданындағы Біркөлік шатқалына шалғайдағы Сарыағаштан серуендеуге келген оқушылар мен оларды ерткен ересектер құзырлы орындарға болған оқиғаны баяндап берді, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.

Төле би ауданындағы Біркөлік шатқалына 22 оқушы демалу үшін Сарыағаштағы Ақжар ауылынан кеше жеткен екен. Оларға бас-көз болуға бір тәрбиеші, бір ата-ана мен көлік жүргізушісі болған. Тәрбиешісімен бірге өздігінен бөлініп шыққан 9 оқушы биікке шығып кетіпті. Тау басына қалай да жетеміз деп серттескен олар үш сағаттай шыққанымен, қиындықтың бәрі түсер кезде басталған. 10 адамның 7-уі қайтып үлгерсе, үш оқушының екеуі тауда адасып, әрі түсе алмай қалады. Үшіншісі, өкінішке қарай, аяғы тайып құздан құлап кеткен.

- Ол құздан тайып, құлап түсті ғой. Сол жерден құлап түсті аяғы тайып.

- Көрдіңдер ме? - Жоқ, оның құлағанын көрмедім.

- Қалай ажырап кеттіңдер?

- Алдында кетіп бара жатқан, бізден 20-30 метр. Сосын артынан айқайладық, белгі беріп, дауысын естіп, солай болды ғой.  

Құтқарушылардың түсірген видеосында жоғары сыныптың оқушысы, Ұлықбек есімді жеткіншекті, бірнеше құтқарушы жіппен көтеріп, біреуі баланың жанынан демеп, әупірімдеп шығарып алып жатыр. Жарты тәулік құзда қалған баланың әбден қорқып қалғаны көрініп тұр.

- Су іштің бе? Су бер.

- Сағат қаншадан бері отырсың?

- Кеше.

- Кеше қаншада?

- Сағат 9-дан бері отырмын.

- Жарайсың. Болды, уайымдама, бәрі жақсы болады.

Әбден тоңып, әрі қорқып қалған оқушыларға төменде күтіп тұрған дәрігерлер көмек көрсетті. Тауда қалғандарды құтқаруға арнайы қызмет облыс көлемінде болмаған соң, Шымкенттің төтенше жағдайлар департаментіне қарасты альпинист мамандар алдыртылған екен. «Биыл екінші рет тауда қалғандарды құтқардық» деген төтеншеліктер тауда серуендеуде аса сақ болу керектігін айтады.

"Тауға демалуға шыққан кездерде, біріншіден, өзімен бірге алып жүретін экскурсовод болса, екіншіден, ТЖД-не, 112 қызметіне осындай топ демалуға шығып жатыр деп ескертсе және өзімен бірге телефондары болса, шыққан кездерде тамақ-су қорларын алып шығуды ескертеміз", - деді Шымкент қалалық ТЖД бастығының орынбасары Орынбасар Төртбаев.

Қазір полицейлер «Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау» бабымен іс қозғап, сәтсіз серуенге шыққандарды тергеп жатыр. Ал тауға кетіп көз жұмған 17 жастағы оқушының денесі туған ауылында жерленді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары