Қостанай облысында шектеу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл туралы өңір әкімі Архимед Мұхамбетов айтты.
Әкім Instagram желісіндегі парақшасында Қостанай-Әулиекөл-Сұрған және Қостанай – Рудный, Арқалық-Амантоғай автожолдарында блокбекеттер қойылатынын айтты.
"Бүгін коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб отырысын өткіздім.
Соңғы күндері облыста короновирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы, сондай-ақ карантин режимін сақтамау фактілері бар.
Осыған байланысты жедел штаб а. ж. 18-30 маусым аралығында келесі шектеу шараларын енгізу жөнінде шешім қабылдады:
1. а. ж. 19 маусымда сағат 00.00 бастап 3 санитарлық бекетті орнату, Қостанай-Әулиекөл-Сұрған және Қостанай – Рудный, Арқалық-Амантоғай автожолдарында.
2. Аттракциондар мен субұрқақтардың, үрлемелі конструкциялардың (батуттар) жұмысына тыйым салу;
3. Караоке барлардың, бильярд, боулинг орталықтарының, тату-салондардың, массаж салондарының жұмысына тыйым салу;
4. ХҚКО-ға онлайн режимінде қызмет көрсетуге көшу, онлайн режимінде жүзеге асыру мүмкін емес қызметтерді жазу бойынша сағат 10-00-ден 18-00-ге дейін;
5. Сұлулық салондарының, шаштараздардың жұмысын тек жазу бойынша 10-00-ден 18-00-ге дейін шектеу;
6. Білім беру орталықтарының жұмысы, үйірмелер, балаларды дамыту орталықтары 9-00-ден 16-00-ге дейін (толтырылуы 15 адамнан артық емес);
7. Өнеркәсіп тобының тауарларын өткізетін объектілердің жұмысын 20-00-ге дейін шектеу;
8. Азық-түліктік және азық-түліктік емес базарлардың жұмысын 10-00-ден 16-00-ге дейін шектеу;
9. Мемлекеттік қызметшілердің 80%-ын «қашықтықтан» жұмыс нысанына ауыстыру, селекторлық режимде жиналыстар, кеңестер, семинарлар, конференциялар және бейне конференциялар өткізу.
Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің тапсырмасы бойынша алдағы демалыс күндері эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында а.ж. 20-21 маусым аралығында 50 мың адамнан асатын елді мекендер (Қостанай және Рудный қалалары) үшін қосымша уақытша шектеулер енгізіледі, атап айтқанда:
- қоғамдық орындардың, саябақтардың, скверлердің, жағалаулардың, жағажайлардың, аквапарктердің жұмыс істеуі тоқтатылады;
- 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектеледі", - деп жазды әкім.