Биыл Қазақстанда медициналық маска шығаратын 4 кәсіпорын ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Министрдің айтуынша, ішкі нарықты жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында отандық өнімдерді шығару бойынша өндірістік қуатты ұлғайту жалғастырылуда.
Медициналық маскалар өндірісі
Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша 6 айға маскаға деген қажеттілік 111,2 млн дананы құрайды.
«Бүгінгі таңда 9 отандық кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 490 мың дана медициналық маска шығаруға мүмкіндік береді. Өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында осы жылдың соңына дейін 4 жаңа кәсіпорын ашуды жоспарлап отырмыз», — деді Б. Атамқұлов.
Осы жобаларды іске қосу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайту тәулігіне 1,1 млн дана маска шығаруға мүмкіндік береді.
Көп реттік маскалар өндірісі
Тұтастай алғанда халықтың маскаға деген қажеттілігі осы кезеңде (6 ай) 144 млн дананы құрайды.
Бүгінде барлық маскалардың тәулік сайынғы көлемі 413 мың дананы құрайды.
«Халықты қажетті маскалар санымен қамтамасыз ету үшін біз тігін кәсіпорындары есебінен көп мәрте қолданылатын, алдын алу, қорғау маскаларының өндіріс көлемін тәулігіне 800 мың данаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», — деді министр.
Жергілікті атқарушы органдар тігін кәсіпорындарымен көп мәрте қолданылатын маскалар қорын құру бойынша жұмысты бастады.
Медициналық қолғаптар өндірісі
Медициналық қолғаптарға қажеттілік 83,7 млн жұп қолғапты құрайды. Қазіргі уақытта екі кәсіпорын тәулігіне 330 мың жұп қолғап шығарады, әрі қарай біз өндіріс көлемін тәулігіне 460 мың жұпқа дейін арттыруды жоспарлап отырмыз.
Қорғаныш костюмдерімен қамту
6 айға қорғаныш костюмдерінің қажеттілігі 1,3 млн.дананы құрайды (Денсаулық сақтау жүйесі үшін 747 мың дана және мемлекеттік органдар үшін 540 мың дана). Өндіріс көлемін арттыру үшін осы жылдың соңына дейін 3 жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланған.
«Сондай-ақ, біз жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шаралардың барлығы қорғаныс костюмдерін өндіру көлемін айына 800 мың данаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», — деді Б. Атамқұлов.