Украина президенті Петр Порошенконың сайтында Украина атауын "Киев Русі" деп алмастыруды ұсынған петиция пайда болды деп жазады Lenta.ru. Аталған бастаманы қолдаушылардың саны әзірге көп емес, бір тәулікте небәрі 150-ден аса адам ел атауын өзгертуді қолдайтынын білдірген.
Бастаманың авторлары мемлекеттің атын өзгерту арқылы "Украина халқы ешқашан тәуелсіз болмаған" деген қаңқу сөзді жоққа шығарғымыз келеді дейді.
Айта кетейік, бұған дейін 25 наурызда бастамашыл топ Украинада Ресей қалаларын украин тілінде атау мәселесін көтеріп, петиция жариялаған болатын. Алайда, бастаманы қолдаушылардың саны көп болған жоқ.
Естеріңізге салайық, биыл ақпан айында Украинаның Жоғарғы Радасы Ресей Федерациясын "Россия" деп атамау туралы заң жобасын қарауға кіріскен болатын. Оның орнына "Московия" атауын қолдану ұсынылды. Ал, қаңтар айында Украинаның ұлттық құндылықтар институтының директоры Владимир Вятрович "Радио Свободаға" берген сұхбатында Қырым мен Донбастағы елдімекендерге тарихи атаулары қайтарылатынын айтқан еді.
Ал, президент сайтындағы петиция 92 күннің ішінде 25 мың дауыс жинай алса Президент оны қарайтын болады. Бкіту немесе бекітпеу мәселесін де мемлекет басшысы шешеді.