Мұғалімдердің еңбекақысын төлеуге қатысты мәселені өңірлер дер уақытында шешуі тиіс. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өкінішке қарай, осындай операциялық мәселелермен айналысуға тура келіп отыр. Әрине, бұл осы деңгейде көтеретін мәселе емес. Министрлік ең бастысы стратегиялық мәселелермен, білім саласындағы саясатты іске асыру мәселелерімен айналысуы керек және біздің тікелей қызметіміз де сол. Нақты мұны (мұғалімдерге уақыты еңбекақы мен еңбек демалыс ақысын төлеу) жүзеге асыратын - жергілікті атқарушы органдар. Ол үшін білім басқармалары, білім бөлімдері, мектеп басшылары бар. Осындай деңгейде еңбекақы мәселесін талдау, «кей жерде еңбекақы төленбеді» деген мәселенің өзін көтеру - әрине, ыңғайсыз жайт. Бұл деңгейде көтеретін мәселе емес еді. Бірақ, бізге өте көп сауал түсіп жатқаннан кейін оны көтеріп, нақты тапсырма беріп, тексеру жүргізуге мәжбүр болдық», - деді министр ведмоствоның аппарат жиналысы барысында.
Осыған орай ол тиісті шаралар қабылданғанын баса айтты.
«Алайда келесі жолы бұл мәселені мұндай деңгейге көтеретіндей өршітуге болмайды. Өз деңгейлеріңізде шешулеріңіз керек. Тиісті шаралар қолданылсын. Комитет ары қарай да бұл жұмысты жүргізіп, аяғына дейін жеткізеді. Өйткені, бұл - әріптестеріміздің Конституциялық құқығы. Сондықтан бұл мәселені соңына дейін жеткізетін боламыз»,- деді Асхат Аймағамбетов.
Тағы бір ескерерлігі жиналыс барысында ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова бірқатар өңірде мұғалімдерге еңбекақы мен еңбек демалысы ақысын төлеуде кемшіліктер бар екенін айтқан болатын.