Ұлттық сараптама орталығы бірнеше қаладағы жеке тұлғалар арасында ақылы тестілеу өткізуді тоқтатты. Орталық мемлекеттік емханалармен, ауруханалармен жұмыс істеуді жалғастырып жатыр. Бұл туралы Ұлттық сараптама орталығының елордадағы филиалының басшысы Талғат Тұңғышбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
«Дені сау адамдар орталықтарға көптеп бара бастады. Бұл дұрыс емес! Осындай әрекеттер зертханаларға үлкен жүктеме болып жатыр. Біз жеке тұлғалар арасында ақылы ПТР тестілеуді тоқтатуға шешім қабылдадық. Емханалармен және ауруханалармен жұмыс істеуді жалғастырамыз. Біз оларға баса назар аударамыз. Себебі симптомдары бар адамдар тесттерді жылдам тапсырып, тез нәтиже алуы керек», – деді Талғат Тұңғышбаев.
Айта кету керек, Инвиво, Олимп сияқты зертханалар сыйымдылығын арттырды. Олар бұрынғы режимде, жеке тұлғалар үшін де жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар симптомдары бар адамдарға бағытталған ПТР тестілеудің мобильді орталықтары іске қосылды.