Маңғыстау облысында арыстан жүр деген ақпарат ақыры рас болып шықты. Маңғыстау облысының Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылының тұрғындарының үрейін ұшырған арыстан қамауға алыныпты. Айқын басылымының жазуынша, бетімен жүрген жыртқышты инспекторлар ұстап алған.
Бұл оқиғаға қатысты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет те арнайы пікір білдірген. Оның айтуынша, ауылда емін-еркін жүрген арыстанды полиция қызметкерлері ұстап алған.
«25 маусымда, яғни бүгін сағат таңғы 05.30 шамасында жергілікті халықтан Маңғыстау облысының Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылының маңында арыстанның жүргені туралы хабарлама келіп түскен. Маңғыстау облысының Полиция департаменті мен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық департаменті жабайы аңды ұстауға шықты. Мамандар арыстанды ұстады. Қазіргі уақытта арыстан «Қошқар Ата» елдімекенінде бақылауда», – деп жазды өзінің Facebook парақшасында.
Сонымен қатар ол арыстанның жасы шамамен бір, бір жарым жасар екенін, түріне қарағанда шамамен қолға үйретілген арыстан болуы мүмкін екенін айтқан. Адамнан қорықпайды.
«Арыстан СИТЕС конвенциясының (жоғалу қаупінде тұрған, жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы бойынша конвенциясы) тізіміне енгізілген. Оның иесін анықтап, құжаттар тексерілгеннен кейін арыстанның жайы ары қарай не болатыны шешіледі», – дейді Сәкен Ділдахмет.
Бірақ ауылды аралап жүрген арыстан қайдан келгені әлі анықталмаған. Қазіргі таңда Ақтауда қаласының маңынан ұсталған арыстанның иесі іздестіріліп жатыр.
Бұған дейін «Маңғыстауда арыстан жүр» деген ақпарат жариялаған болатынбыз.