Қазақ көрерменіне "Келін" телехикаясынан жақсы таныс Пратюша Банерджи көз жұмды. Бұл туралы hurriyet.com.tr сайтына сілтеме жасап Baistars.kz хабарлайды. Үнді актрисасының өлі денесі өз үйінен табылған.
Актрисаның өлі денесін сүйіктісі Рахул Радж Сингх үй ішіндегі дәретханада асылып тұрған жерінен тауып алған. Тәртіп сақшылары оқиғаның суицид екені анық болмағандықтан, сот-медициналық сараптама аяқталмай қорытынды айтуға ерте дейді. Себебі, актрисаның аузынан қан кетіп, денесінде жарақат белгілері байқалған.
Қазіргі таңда марқұмның достары мен көршілері тергеліп жатыр дейді полицейлер. Ол артынан ешқандай хат жазып қалдырмаған. Туыстарының айтуынша, П.Банерджи соңғы уақытта күйзеліске ұшырап, көңіл-күйі мүлдем болмаған. Оның жігіті Рахул Радж Сингхпен жиі жанжалдасқаны да белгілі болып отыр. Сондықтан, тәртіп сақшылары актрисаның өліміне Сингхтың қатысы болуы мүмкіндігін жасырмайды.