04.04.2016, 03:20

Сирияға соғысуға кеткен қазақстандықтар елге оралуы мүмкін

Сирия мен Иракқа соғысуға аттанған шетелдіктердің біразы өз отандарына қайта оралуы мүмкін. Өйткені, "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымы қаржылық дағдарыс салдарынан өз жауынгерлеріне төлейтін қаражат таппай отыр деп жазады The Washington Post.

Басылымның мәліметінше, бірнеше айға жалғасқан әуе соққыларының салдарынан ДАИШ-тың мұнай инфрақұрылымдары мен қаржы институттары айтарлықтай зақымданған. Енді, лаңкестік ұйым басшылары өз содырларына төлейтін жалақыны тауып бере алмай отырған көрінеді. Оның басты дәлелі - дала командирлері арасындағы өзара текетірестер, жемқорлық, басшылыққа бағынбау және ұрлық-қарлық.

Ақшаның жоқтығы ұйымға жаңадан қосылған жауынгерлердің жалақысын екі есеге қысқартуға мәжбүрлеген. Ал, іштегі дереккөздердің мәліметінше, лаңкестік ұйымға қарасты біраз жасақ бірнеше айдан бері жалақы ала алмай келеді. Ұйым басшылары жоқшылықтың орнын толтыру үшін өздеріне қарасты елдімекен тұрғындарына салықты бірнеше есеге көбейткен.

Бұған дейін белгілі болғандай, "Ислам мемлекеті" Сирия мен Ирак жеріндегі мұнайды Түркияға арзан бағамен сатып келген. Соның нәтижесінде ұйымның қаржылық жағдайы әлдеқайда жақсы болатын. Ал, аймаққа Ресей әскері кіргелі бері мұнай саудасы тоқтап қалды. РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенковтың айтуынша, қаржы тапшылығынан "Ислам мемлекеті" қатардағы сарбаздардың жалақысын үш есеге дейін қысқартып тастаған.

Батыс пен Ресей сарапшыларының пікірінше, "Ислам мемлекетіндегі" дағдарыс салдарынан оның сапында соғысып жүрген шетел азаматтары елдеріне кері қайтуы әбден мүмкін. Осы ретте елімізден Сириядағы соғысқа 500-дей қазақстандықтың кетіп қалғанын айта кету керек. Олардың қатарында әйелдер мен балалар саны көп.