Будданың ескерткішіне дәрет сындырып, кейін оны тепкен авар спортшысын қалмақтар тізерлеп қойып, кешірім сұратты деп жазады «Калмыкия-online» басылымы. Оқиға 2 сәуір күні Калмыкия орталығы Элиста қаласында орын алған. Дағыстандық спортшы еркін күрестен Городовиков атындағы турнирге қатысу үшін келген екен.
Рен-ТВ телеарнасы мәлімдегендей, 22 жастағы спортшы жарыстан тыс уақытта достарымен бірге қаланы аралап, буддистердің храмына кірген. Мұнда ол ескерткішке дәрет сындырып, кейін тастан жасалған пұттың тұмсығынан теуіпті. Ал, бұл сәтті серіктері бейнекамераға түсіріп алған. Артынша, аталған видеоролик әлеуметтік желілерде тез тарап, жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын туғызды.
Бейнероликті көрген Элиста тұрғындары дағыстандық спортшылар орналасқан қонақ үйге келіп, вандалдың жазасын өздері бермек болған. Жағдайдың ушығуынан қорыққан кінәлі жігіт наразы топтың дегеніне көніп, тізерлеп Буддадан кешірім сұрапты. Кейін араға полицейлер түсіп, авар палуанын уақытша қамап тастады.
Осы оқиғадан кейін еркін күрестен жылда өтетін дәстүрлі турнирді ұйымдастырушылар тоқтатып тастады. Ал, Дағыстанның спорт министрі Магомед Магомедов сөгіс алып құтылды.