$ 498.34  519.72  4.85

Өзбекстан билігінен қысым көрген ясауишіл әнші Түркия азаматтығын алды

Өзбектің танымал әншісі әрі композиторы Абдулазиз Карим түрік азаматы атанды. 29 наурызда Түркия азаматтығын алғаны туралы хатты оған ел премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлының өзі жолдаған. 41 жастағы Абдулазиз Каримге Түркия азаматтығы «заңнан тыс ерекшелік» ретінде берілген деп жазады «Орталық Азия жаңалықтар қызметі».

Түркия заңдары бойынша, шетелдік азамат бұл елдің азаматтығын алуы үшін ел аумағында кем дегенде 5 жыл тұруы тиіс. Абдулазиз Каримге азаматтық 10 айдың ішінде берілді.

– Бұл мен үшін өте қуанышты жаңалық болды. Он ай бұрын Түкрия үкіметі құжаттарымды беруді сұрады. Олар менің шығармашылығыма қызығатындарын айтты. Өзбекстанда мені әнші ретінде білсе де, композитор ретінде танылмаған едім. Ал мен симфониялық шығармалар, бір бөлімнен тұратын опера да жаздым. Олардың бәрін осында көрсеттім. Олар Түркия жұртшылығының ерекше қызығушылығын тудырды, –деді Абдулазиз Карим.

«Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі», әнші әрі композитор Абдулазиз Карим 2015 жылы туған елінен кеткен. Отанынан қоныс аударуына өзбек билігінің оның әндеріне тыйым салғаны себеп болды.

«Азаттық» радиосына бұған дейін берген сұхбатында әнші Өзбекстанның мәдениет министрі мен мемлекеттік телеарналары және «Узбекнаво» эстрадалық бірлестігі әншілерге бөгет болып, пара алумен айналысады деген болатын.

Айта кетейік, Абдулазиз Каримнің атағы Өзбекстанда тоқсаныншы жылдары дүркіреген болатын. Оның сол кездегі ең танымал әні - «Қурбон бўламан» («Құрбан боламын»). Мұнан кейін ол Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін әніне қосып айтып, халықтың кең ықыласына бөленген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары