Қалалық денсаулық сақтау басқармасы журналист, жазушы Қуандық Шамахайұлының қайтыс болуына қатысты ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
"1960 жылы туған науқас Шамахай Қуандықты 23 маусымда жедел жәрдем қызметі COVID-19 деген күдікпен ауыр халде жеткізді. Осы уақыттан бастап ол 1-ші көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылды", - дейді мамандар. Дәрігерлер Қуандық Шамахайұлының диагнозын да қойған. Ол - ауыр дәрежедегі екіжақты полисегменталды пневмония. Ал емдеу шаралары клиникалық хаттама бойынша жүргізілген.
"Емдеу кезінде науқастың жағдайы бірнеше рет нашарлады. 29 маусымда жүрегі тоқтап қалды. Өлімнің себебіне қатысты тергеу жүргізілуде, нәтижесі туыстарына хабарланады", - делінген хабарламада.
Тағы оқи отырыңыз: Белгілі журналист Қуандық Шамахайұлы қайтыс болды
Айта кетсек, 29 маусымда жазушы, журналист Қуандық Шамахайұлының қайтыс болғаны хабарланды. Марқұмның жұбайы Айша Тұрмағанбетова жұбайының үнемі телефон арқылы хабарласып тұрғанын жеткізді. Дәрігерлер болса, денсаулығының жақсарып келе жатқанын айтқан. Бірақ бүгін түнде марқұм әйеліне дәрігерлер белгісіз дәрі бергенін жазып жіберген. Ол ауруханадағылар бір дәріні сынақтан өткізген болуы мүмкін деген болжамын бөлісті. Тұрмағанбетова прокуратураға арыз жазбақ.