Әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджері арқылы «ауа арқылы вирус шашады» деп жалған ақпарат таратқан Түркістан облысының тұрғыны ұсталып, жазаланды деп хабарлады Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
1973 жылы туған әйел әлеуметтік желіге таратқан хабарламасында Сарыағаш ауданында түнгі екіде ауаға вирустың шашылатынын айтады. Сондай-ақ, ол вирустың негізінен кішкентай балаларға жұғатынын айтып, үш күн бойы далаға шықпауды қатаң ескерткен. Осы мазмұндағы аудиохабарлама және мәтіндік SMS бір күннен бері жергілікті тұрғындарды дүрліктіріп қойған.
«Дәлел-дәйексіз, ел ішін дүрліктіретін ақпарат таратқандар ҚР Қылмыстық кодексінің 274 бабы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша жауапқа тартылатынын да ескертеміз. Осы ақпаратты "WhatsАpp" желісіндегі топтарда таратқан Отырар ауданының 1973 жылы туған азаматшасы қазіргі таңда құзырлы органдармен анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген аталған хабарламада.
Дереккөз: azattyq-ruhy