$ 443.85  474.3  4.8

Цой карантинге, Көлгінов қала күніне дайындалуда ма?

Елордадағы көптеген мекемелер карантин жағдайының өзінде санитарлық талаптарды сақтамаған.
фото: youtube.com, sputniknews.kz
фото: youtube.com, sputniknews.kz

Қазақстанда 6 шілде Астана күні. Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қала күнін мерекелеуге дайындықты бастап кетіпті. Бұл туралы Abai.kz, KazTAG.kz-ке сілтеме жасап жазды.

Нұр-Сұлтан әкімдігі қала күніне байланысты өтетін шаралар тізімі қосымша хабарланатынын мәлімдепті.

«Иә. Біз қала күніне орай қай жерде қандай іс-шара болатынын сайтымызда жариялаймыз. Бірақ, оның барлығы қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады»,- депті әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қазір Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен Нұр-Сұлтан қаласы алдыңғы үштікте. Мұндағы науқастар саны 5500-ге жуықтаған. 61 адам ковидтен қайтыс болған.

Ал, күні кеше ғана Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке жұмысына салғырт қарағаны үшін ескерту жасаған болатын. Себебі, елордадағы көптеген мекемелер карантин жағдайының өзінде санитарлық талаптарды сақтамаған.

Президент сондай-ақ, елдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін биылғы наурыз-мамыр айларындағыдай қатаң карантин режимін енгізуді тапсырған еді.

Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес», - деген еді.

Еліміз бойынша, коронавирус жұқтырғандардың көбі Нұр-Сұлтанда екенін айттық. Мамыр айындағы шектеулер алынғаннан бері індеттің таралуы 7 есеге дейін өскен көрінеді. Қарапайым халықты айтпағанда, билікте жүрген біраз шенеунік вирус жұқтырып, оқшауланып жатыр. Президент шұғыл тапсырма берген соң, кеше министр Алексей Цой індеттің бетін қайтару үшін 3 түрлі сценарий мен 10 түрлі шара жоспарын ұсынған.

Қазіргі эпидемиологиялық жағдай осы. Ел аумағында ауруханалар мен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі де әлеуметтік желілерде айтылып, жазылып жатыр. Министрлік шұғыл түрде төрт апталық локдаунға (карантинге) әзірленуде.

Министр Алексей Цой карантинге әзірленіп жатқанда әкім Алтай Көлгінов қала күніне дайындалып жатыр ма? деген заңды сұрақ туындайды. Себебі, елорда әкімдігінің ресми сайтында «Нұр-Сұлтанда ашық аспан астында кино көрсетілімі өтеді» ақпарат шыққан.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары