Генерал Әмірхан Аманбаевқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Істі қайта қараған Жоғарғы соттың кассациялық алқасы бұрынғы үкімнен қателік тауыпты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК арнасына сілтеме жасап.
Генарал Әмірхан Аманбаев 2017 жылдың ақпан айында бас бостандығынан айрылған. 1340 томдық іс үш жарым ай қаралған еді. Аманбаевқа ұйымдасқан топ құру және оны басқару, қылмыстық қоғамдастыққа қатысу, жалған кәсіпкерлікке жәрдемдесу, аса ірі мөлшерде пара алу және ақшаны заңдастырды деген ауыр айыптар тағылды. Сөйтсе, оның бәрі басқа бір сотталушының жауаптарына ғана негізделген екен.
Жоғарғы соттың кассациялық алқасының мәлімдеуінше, сол кездегі соттың үкімі кінәсіздік презумпциясының конституциялық принципін бұзған. Енді сол айыптардың барлығы алынып тасталып, тек қызмет бабын асыра пайдалану бабымен сотталған болып отыр.
"Ол адамның іс бойынша айғақтары қандай да бір басқа материалдармен, құжаттармен, заттай дәлелдемелермен, жедел-іздестіру шараларының немесе жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен расталмайды. Осыған байланысты Жоғарғы сот алқасы Аманбаевқа қатысты үкім күшін жойып, қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты істі тоқтатты", - деді ҚР-ның Жоғарғы соты.