03.07.2020, 19:00

«Кербұлақ ауданының әкіміне ұқсайды»: Елбасыға қойылған ескерткішті жұрт Назарбаевқа ұқсата алмай жатыр

Фото: facebook.com/esbolat.kz
Айтуларынша, ескерткіш экс-президентке мүлдем ұқсамайды.

Бүгін ғана Астана төрінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне қойылған ескерткіш-монумент әлеуметтік желі бетінде қызу талқыға түсіп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Пікір білдірушілердің көбі пандемияның өршіп тұрғанына қарамастан биліктің жұрттың аузынан жырып монумент тұрғызғанына қарсы болса, енді бірі ескерткіштің Назарбаевқа мүлдем ұқсамайтындығын байқаған. Айтуларынша, ескерткіш экс-президентке мүлдем ұқсамайды. 

Тіптен, Қалмаханбет Мұқаметқали есімді қолданушы «Кербұлақтың әкіміне ұқсай ма)» деп пікір білдіріпті. Тағы бірі «Не масқара, халықтың жағдайын ойламай ма одан да!» деп реніш ін білдірсе, «Әлгі түркіменбашы, Ким Чен Ын ба еді, соларға күлеміз ә)))» деп тіптен отқа май құя түскен. 

Сол секілді «Ойбай қуама? Мүлдем ұқсамайды ғой. Бұл дегенің Елбасыны мазақтау... Не болды ал енді))», - дегендер де табылған. 

Бүркіт Нұрасыл есімді қолданушы «тағы бір Нұр-монумент пайда болды. Қуаныштымын! Бірақ жұрт қуанышты емес секілді. Аталмыш монумент туралы постардың біріне Шапағат есімді бір қарындасымыз «Осы Үкімет халыққа беретін ақша таппай қалады екен де, ал, шалға бірдеңе ашатын болса, таба кетеді екен. Құдды бір тамаққа ақша таппай, арақ ішуге ақша табатын бомждар секілді" деп пікір іліп кетіпті. Келіспеске шара жоқ...», - деп ойын білдірсе, белгілі журналист Жұлдыз Әбділда монументті Назарбаев емес Ким Серікбаевқа ұқсатқан. 

Монументтің экс-президентке ұқсамайтынын жұрттан бұрын Есболат Айдабосын байқаған. «Ескерткішті де оңдырмапты ғой. Ұқсаса құдай бар-ды», - деп Facebook парақшасына ірі планмен монументтің фотосын жүктепті. 

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тағы бір монумент ескерткіш ашылғанын жазған болатынбыз.