Кобралармен ән айтып танымал болған индонезиялық әнші Ирма Бьюлды сахнада жылан шағып өлтірді деп хабарлайды «РЕН-ТВ телеарнасының жаңалықтар қызметі.
29 жастағы әнші кобралармен кезекті шоуын ұйымдастырып, ән айтып жатқан тұста қолындағы жылан оны шағып алған. Бьюл осыған қарамастан сахнада тағы 45 минут өнер көрсетті. Мұнан кейін ол алдымен құсып, кейін есін жоғалтып алған. Концерт ұйымдастырушылары оны дереу ауруханаға жеткізгенімен дәрігерлер әншіге көмектесе алған жоқ.
The Daily Mail басылымының хабарлауынша, оқиға Батыс Ява провинциясындағы Караванг елдімекенінде орын алды. Бьюл байқаусызда улы кобраның құйрығын басып кетіп, оны ашуландырып алған. Қазіргі таңда полиция тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, әншіні шаққан корольдік кобралар әлемдегі ең ірі улы жорғалауыштардың бірі болып есептеледі. Олардың ұзындығы 5,5 метрге дейін, салмағы 9 келіге дейін жетеді. Бұл кобра бір шаққанда пілді өлтіре алатындай у жібереді.