«Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының содырлары өздері басып алған Әл-Фаллуджа қаласынан қашып кетпек болған 15 адамды тірідей өртеп жіберді деп хабарлайды The Daily Mail күрдтердің ARA агенттігіне сілтеме жасап.
Лаңкестер тұтқындарды жергілікті халықтың алдына әкеп өртепті. Осылайша олар Әл-Фаллуджаның өзге тұрғындарды қорқынышта ұстап отырмақ болған.
Сондай-ақ, ИМ «Әл-Арабия» телеарнасына сұхбат беріп, Ирак пен АҚШ әскерилерінен Әл-Фаллуджаны лаңкестерден босатуды сұраған әйелді қамауға алды. «Халық аштан қырылып жатыр, не дәрі жоқ, не тамақ жоқ. Бізді "Ислам мемлекетінен" құтқарыңыздар болмаса қаланы түгел жарып жіберіңіздер, химиялық қару қолданыңыздар. Басқа амалымыз жоқ. Азапталып өлгенше бірден өліп кеткеніміз дұрыс» дейді әлгі әйел телеарна тілшілеріне берген сұхбатында.
Айта кетейік, Ирак әскері бүгінде Әл-Фаллуджаны азат ету үшін лаңкестермен соғыс жүргізуде. Содырлар болса жергілікті тұрғындарды тірі қорған ретінде пайдалануда.