Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Коронавирустық инфекциямен күрестегі өзекті сұрақтар" тақырыбында өткен онлайн брифинг барысында ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус пандемиясы кезінде дәрігерлердің құқығы заң аясында қорғалатынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
"Кейбір өңірлерде медицина қызметкерлерін қудалау дерегі бар. Бұл мәселе заң аясында реттеледі. Әрбір дерек жеке қаралады. Қоғамның назарын өзіне аудартқан жағдайлар да жоқ емес. Мұнын барлығы талқыға салынады. Осы орайда Түркістан облысында болған жағдайға тоқтала кетсем, естеріңізде болса, әлеуметтік желілерде дәрігер қолғаптың сапасыз екенін айтқан видеоролик тарап, кейін ол қызметінен қуылды деген ақпарат шықты. Біз өңірдегі әріптестерімізбен бірге бұл мәселені шештік. Қазіргі таңда ол дәрігер басқа клиникаға ауыстырылып, қызметі өсті. Ол қазіргі таңда бөлім меңгерушісі болып қызмет етеді", - деді ол.
Министр видеодағы қолғап гуманитарлық көмектің аясында жеткізілгенін атап өтті. Оның үстіне қолғаптың көлемі дәрігердің қолына кішкентай болғанын айтты. Сондай-ақ, министр медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға уәде берді.
"Біз медицина қызметкерлерін жұмыстан шығарғалы жатқан жоқпыз. Керісінше, осындай жағдай басшылық жағынан туындаса, егер денсаулық сақтау жүйесінде қудалау болса, әділетсіз жағдай тіркелсе, оған шағым түсіруге болады. Өңірдегі денсаулық сақтау басқармасына немесе денсаулық сақтау министрлігіне хабарласуға мүмкіндік бар. Бұл мәселе басты назарда. Біз медицина қызметкерлерін қорғаймыз және бұл заң аясында болуы керек", - деді Алексей Цой.