$ 442.05  474.14  4.74

«Берекесіз үй»: Нұр-Сұлтанда мемлекеттік бағдарламамен берілген үйдің тұрғындары дабыл қағуда (ВИДЕО)

Тесік-шұрық қабырғадан суық жел кіретіні өз алдына. Кірпіштің кесектері дауыл соққанда, әйнектерді сындырып, тұрғындардың әбден мазасын қашырған.

Елордада бағдарламамен берілген баспана тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы

Кірпіші үгітіліп, қас-беті сөгіліп, терезесі шытынаған үйді көргеніңіз бар ма? Өкінішке орай, елордада мұндай да үй кездеседі екен.

Сорақысы сол, Іле көшесіндегі көп қабатты үйдің тұрғындары баспанаға әлеуметтік бағдарлама арқылы қол жеткізген. Яғни 7 жыл бұрын бой көтерген баспананы мүмкіндігі шектеулі жандар, көп балалы отбасылар мен жетімдер үйінің түлектері паналаған.  Іле көшесі, 30-үй.

Үйдің тұрғындары оны «берекесіз үй» деп атайды. Өйткені жаңбыр жауған сайын қасбетіндегі кірпіші жібіп, күн шыққанда қаңғырлап кеуіп кетеді. Елорданың аңызақ желі тұрса болды, кепкен кірпіштің кесегі жан-жаққа ұшады. Әдетте шытыр еткен дыбыстың өзінен пыр ететін құс екеш құстың өзі үлгірмей кірпіш астында осылай басылып қалғанын көрдік.

Ал аулада ойнап жүрген балақайлар үшін бұл үйреншікті көрініске айналғандай. Айнала ит-құстың өлігіне толы.

"Балаларымның өмірі мен денсаулығы үшін қатты уайымдаймын. Кірпіш кез келген сәтте не басқа түсуі, не ұшып түскен кесегі ойын баласын тіліп кетуі мүмкін. Мұндай үйді қабылдаған адам өзі келіп тұрса екен бұл жерге. Қалай жүретінін көрер едік",- дейді үй тұрғыны Анастасия Тарасова.

"Бес жыл болды тұрып жатқанымызға. 2015 жылы көшкенде балконымыз түсіп жатқан артқы жағы. Тесік-тесік боп тұрған. Балаларды қорқамыз балконға шығаруға. Менің балконымның артында тесік боп тұр кәдімгідей. Істейтін оған еркек те жоқ, мать-одиночкамын. Істейтін, замазывать ететін не жоқ. Адамдар келген, бірақ до конца істемеген, бәрібір тесікті қалдырып кеткен", - дейді тұрғын Диля Шажалиева.

Тесік-шұрық қабырғадан суық жел кіретіні өз алдына. Кірпіштің кесектері дауыл соққанда, әйнектерді сындырып, тұрғындардың әбден мазасын қашырған. Қолдан келгенше тесіктерді бітеп әлек. Үйдің ту сыртына тіптен аяқ баспауға тырысады. Сырт демекші, қазір онда құрылыс басталған. Ауыр техника әрі-бері қатынап, күні ұзақ құрылыс заттарын түсіруде. Тасыр-тұсыр еткен дыбыстан онсыз әрең тұрған үйдің қасбеті қабырғадан ажырап, құлайын деп тұр. Әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысына жауапты кім деп сұрағанымызда, мердігер компания басшысы сотталып кеткенін білдік.

"Ия, ақша ұрлаймын деп тұтылып қалған болуы керек. Барлық құрылыс ережесін бұзған. Менің ойымша, бұл үйдің тапсыру-қабылдау процесі бір нәрсені ғана білдіреді. Алаяқ құрылысшы мен жемқор шенеуніктің өзара келісімімен тұрғызылып, қолданысқа берілген үй боп тұр ғой. Есі дұрыс адам мұны жазбай-ақ түсінеді", - деді үй тұрғыны Наталья Блинова.

Көп қабатты үйді кезінде әкімшілік әлеуметтің әлжуаз тобына, яғни көп балалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жетімдер үйінің түлектеріне арнап салдырған. Қасбетінің үгіліп тұрғанын олар алғаш қоныстанғанда бірден байқаған еді. Одан бері қанша табалдырық тоздырып, әкімшілікке хат жолдағанымен жөндеуге қатысты бір ғана жауап ала алды. Қалалық құрылыс басқармасына хабарласқанымызда бізге де дәл сондай жауап берілді.

"Бұл үй 2013 жылы салынып, қолданысқа берілген. Кепіл уақыты екі жыл болатын. Үйді тұрғызған мердігер компания - «Сервисная компания» деп аталатын ЖШС. Бұл үйдегі пәтерлерді жекешелендіріп алған тұрғындар енді басыбайлы иесі болғандықтан тұрғын үй заңына сәйкес жөндеу жұмыстарын өз бетінше жүргізулері тиіс. Немесе КСК арқылы ақша жинап, жөндей алады", - дейді қалалық құрылыс басқармасының жетекшісі Жан Мырзағалиев.

Бұл үйде кімдердің тұрып жатқанынан шенеунік хабарсыз болып шықты. Сондай-ақ бұл нысанды қабылдаған комиссия құрамында кімдердің болғанын айта алмай қиналды. Дегенмен, құрылысқа жауаптылардың есімдерін ресми түрде сұраттық. Алдағы шығарылымда міндетті түрде аттарын атаймыз. Оған дейін үгілген кірпіштен адамдар зардап шекпесе болды, деп жазады 24kz телеарнасы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары