Елордада орналасқан бір бөлмелі пәтерге елу бірдей мекеме тіркелген деп хабарлайды Baq.kz.
«Заңды тұлғаларды тіркейтін кезде кейбір пысықайлар бір мекен-жайға бірнеше компанияны тіркетіп қояды. Мәселен, бір бөлмелі пәтерге 50 мекемені тіркеткен жағдайлар орын алған» делінген департамент өкілдері таратқан хабарламада.
Салық органы мамандарының айтуынша, мұндай қадамға сенімсіз салық төлеушілер барып жатады. Олар салық төлеуден осылайша жалтарып, мемлекетке үлкен шығынға соқтырады. Сонымен қатар, көшіп жүретін компаниялар да салықтан жалтару үшін мекен-жайын тұрғын-үйлерге тіркей салатын көрінеді.
Ал, пайда табу мақсатында пәтерлеріне осындай компанияларды тіркете беретін азаматтар салықтан жалтаратын компаниялармен ауыз жаласып, өздеріне деген сенімсіздікті де арттырады. Енді бұл келеңсіздікті болдырмай үшін салық органының өкілдері пәтер иелері кооперативімен бірлесіп жұмыс істемек. Яғни, пәтеріне компанияны тіркеткен азаматтардан коммуналдық төлемдер тұрғын-үй ретінде емес, бизнес орталығы ретінде алынады.