08.07.2020, 12:40

Ресейден Қазақстанға гуманитарлық көмек келді

Жақын арада Ресейден гуманитарлық жүк тиелген тағы бірнеше рейс күтілуде

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен COVID-19-ға қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен уағдаластықтардың жалғасында 8 шілдеде Ресейден Нұр-Сұлтанға арнайы бортпен гуманитарлық жүк жеткізілді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Ресей жіберген гуманитарлық көмекке медициналық маска, қорғаныс киім жиынтықтары мен медициналық препараттар кіреді. Қазақстандағы гуманитарлық көмектің бірыңғай операторы «СҚ-Фармация» ЖШС болып табылады. Жақын арада Ресейден гуманитарлық жүк тиелген тағы бірнеше рейс күтілуде», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігі коронавирус пандемиясымен күресте көрсеткен қолдауы үшін Ресей үкіметіне алғыс білдірді.