Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында 6 жасар баланы ұрлап, бүкіл елді дүрліктірген 60 жастағы күдікті әйел бұл қадамға балаларға деген махаббатан барғандығын айтты. Қазір тәртіп сақшылары оны жүйке жүйелері ауруханасына тексеру үшін жіберген деп жазады Tengrinews.kz ОҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Ол кішкентай балаларды көргенде құшырланып, өзін ұстай алмай қалатынын айтып отыр. Яғни, өзімен бірге алып кеткісі келіп тұрады. Соңғы жағдайда дәл осылай жасаған. Басқаша өзінің әрекетін күдікті түсіндіріп бере алмай отыр" дейді тергеу басқармасының өкілдері.
Қазіргі таңда жасы егде тартқан әйелдің жүйке жүйесінде ауытқауы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Оңтүстікқазақстандық мамандар күдіктінің нақты жағдайын анықтай алмаған соң оны Алматыға алып кетіпті. 28 наурыздан бері ол сол жақта тексерілуде және 24 сағат полицейлердің күзетінде. Егер жүйке жүйесінде ауытқуы болса мәжбүрлі түрде емделетін болады. Ал, ақыл-есі дұрыс болса сотталады.
Естеріңізге салайық, 6 жасар Мұхаммед Қамшыбек 20 ақпан күні Ордабасы ауданы Амангелді ауылында жоғалып кеткен болатын. Бірінші сыныпта оқитын баланы мектептен шыққан сәтте белгісіз әйел алып кеткен. Араға бірнеше күн салып полицейлер күдіктіні де, баланы да Арыс қаласынан тапты. Бүлдіршін дін-аман. Ұрлаған әйел өзіне жақсы қарап, уақытылы тамақтандырғанын да айтқан.
Ал, тергеу барысында тәртіп сақшылары дәл осмы күдікті әйелдің 2013 жылы да бала ұрлағанын анықтады.