Алматы облысында бір тәулік ішінде жеті адам суға батып қайтыс болды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылына жақын маңда Іле өзеніне шомылған ағайынды екі жігіт суға кетіп, қайта оралмаған. Туған ағайындылардың біреуінің денесі табылса, екіншісі әлі іздестіріліп жатыр.
«Шомылып жүріп суға кеткендердің арасында мектеп оқушылары да бар. Атап айтқанда, Алакөл ауданындағы Шынжылы өзеніне Жанама ауылындағы мектептің 9 сынып оқушысы батып кетсе, Қапшағай су қоймасына демалуға келген отбасы 3 сыныпта оқитын ұлынан қас пен көздің арасында айрылып қалды», делінген хабарламада.
Мұндай қайғылы оқиғалар Қапшағай су қоймасында да жиі тіркелуде. Осы күні Қапшағайға қарасты «Нағыз жағажай» және «Бөктер» демалыс орындарында Алматы қаласының 38 жасар тұрғыны мен 21 жастағы бозбала суға кетті. Екеуінің де денесі іздестірілуде.