Желіде Түркістан облысында орналасқан Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 70 гектар жерін арабтар жалға алғандығы туралы видео пайда болды. Видеоны түсірген – Ерлан Файзуллаев және Жанмұрат Ашатев есімді Facebook желісінің белсенді қолданушылары.
Өздерінің айтуынша, тау ішінен соғылған ғимараттар сөзге дәлел.
"Менің неше күннен бергі арабтарға не мақсатпен жер берілгенін талап етіп жүрген Туркістан облысындағы 4 ауданның бірі Төлеби ауданындағы Сайрам- Өгем мемлекеттік ұлттық паркіндегі жер. Таудың ең керемет жері Қасқасуда 70 га жерді берген. Онда кішігірім қалашық" деп жазды белсенді Файзуллаев.
Қамшы тілшісі осы мәселенің мән-жайын білу үшін Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің әкімшілігіне қоңырау шалды.
– Жерді арабтар алған жоқ, оны Қазақстан азаматы Бакиев Вячеслав алған. Арабтардың қаржыландыруымен құрылыс жүріп жатыр. Жол салды, сол жердегі ғимараттар да сол қаражатқа салынды. Жерді 2009 жылы 49 жылға жалға алған . Олар 70 гектар дейді, бірінші сұрап, біліп алсын қанша гектар екенін. Болмаса келіп өлшесін сол жерді. Ол 13,2 гектар жер. Бұл парк жекеменшікке берілмейді. Бұл – мемлекеттік жер. Біз жерді тек 49 жылға немесе 5 жылға келісімшарт арқылы жалға бере аламыз, – дейді Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің туризм жөніндегі инжинері Шынәлі Оспанов .