Қазақстанда өкпесі қатты зақымданған, пневмониямен ауырған науқастар сауыға бастады. Соңғы аптаның өзінде Нұр-Сұлтан қалалық фтизиопульмонология орталығында жағдайы ауыр бірнеше науқастың беті бері қарады.
Бұл туралы Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі фтизиопульмонология және жұқпалы аурулар ұлттық медициналық зерттеу орталығының пульмонологы Евгений Попов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Құрамында 32 дәрігер бар ресейлік делегация 6 шілдеде Қазақстанға ұшып келді. Олардың ішінде реабилитологтар, инфекционистер, пульмонологтар, эпидемиологтар бар. Дәрігерлер топқа бөлініп, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Атырау ауруханаларына жберілді.
Ресейліктер еліне қашан оралатыны белгісіз. Ресей пульмонологы Евгений Попов әріптестерімен бірге күн сайын Нұр-Сұлтан фтизиопульмонология қалалық орталығына жұмысқа шығады.
- Қазақстанда немен айналысып жатырсыз?
- Ең алдымен консультативтік көмекті ұйымдастырып жатырмыз. Ресейдегі жұмыстан тәжірибеміз бар, тек Мәскеу мен Мәскеу облысында ғана емес, басқа аймақтарда да жұмыстың қалай ұйымдастырылғанын білеміз. Сол тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз.
Екіншіден, әдістемелік көмек көрсетіледі. Ол жерде қызметкерлердің қауіпсіздігі, материалдар мен жеке қорғаныс құралдары шығынын азайтуға, әр түрлі науқастар үшін фармакотерапияны тиімді пайдалануға болатынын түсіндіру қажет. Ең бастысы – кеңес беру, себебі Қазақстанға келген дәрігердің барлығы практик-мамандар.
- Жұмыс күніңіз қалай өтеді?
- Біз бөлім дәрігерлерімен ортақ чат құрдық. Бөлім меңгерушісі қандай науқастарды бірінші кезекте қарау немесе кеңес беру, терапияны өзгерту немесе қандай да бір қосымша тағайындаулар жасау қажет екенін анықтайды. Біз сол науқастарға кеңес береміз.
Егер бөлімге бірінші рет баратын болсақ, онда барлығына бірдей кеңес береміз және қандай пациенттер терапияны түзетуді талап ететінін немесе кімді ауруханадан шығаруға болатынын анықтаймыз.
Мұның барлығын қазақстандық дәрігерлердің өздері де біледі, бірақ кейде олардың әрекетінің дұрыс екенін нақтылайтын қосымша пікір де қажет.
- Қазақстандық әріптестеріңіздің жұмысын қалай бағалайсыз?
- Өзім болған жерлерді "төртке бағалаймын", кімге болсын "бес" деген баға қою қиын. Науқастар саны көбейген кезде қиын жағдайда дәрігерлерге жұмыс істеу оңай емес. Көп жағдайда емдеуге аз ғана түзету енгізіп жатырмыз. Қазақстанда дәрігерлердің тәжірибесі бар, олар не істеу керек екенін біледі. Жаңа айтып өткенімдей, кейде қосымша пікір қажет.
Сондықтан осы жерде жағдайы ауыр науқастармен жұмыс істейтін барлық маманның жеткілікті тәжірибесі бар деп санаймын.
- Алматыда жақында өкпесі толық зақымдалған әйел сауығып шықты. Тәжірибеңізде мұндай жағдай жиі болып тұра ма?
- Өкпенің 80% және одан да көп бөлігі зақымданған 4-5 науқастың жағдайы тұрақтанды. Осы ауруханада жұмыс істей бастаған бір аптада жағдайы ауыр науқастар тізімінен жағдайы қалыптыларға қосылғандар да бар. Даму байқалады. Тек Алматыда ғана емес, астанада да мұндай жағдай болып жатыр.
Кейде таңғажайып оқиғалардың куәсі болып жатамыз. Өзі травматолог болып жұмыс істейтін дәрігер ауруханада ұзақ жатты. Біздің көз алдымызда аяққа тұрды деуге болады. Бастапқыда науқастың тыныс алу жетіспеушілігі 95%-ті көрсетсе, ауруханадан шығар кезде бұл көрсеткіш айтарлықтай жақсарды.
- Сіздің ойыңызша, күзде қандай жағдай болады? Қазірден бастап неге дайындалу қажет?
- Коронавирус инфекциясы аяқталмайтынын түсіну керек, бұл да басқа вирусты ауру секілді болады. Ол уақытқа дейін халықтың басым бөлігі ауырады, көбі ауру белгілерінсіз немесе жеңіл түрде өткізеді. Қазір бізде басқа вирусты инфекция жоқ. Ал қазанда күн суық болған кезде, өзге вирустар өршуі мүмкін. Сондықтан екі ауруды дұрыс ажыратып, диагностикалау қажет. Себебі емдеу тұрғысынан бұл маңызды болып саналады. Ал коронавирустың екінші немесе үшінші толқыны енді болмайды.
- Мұндай жағдайда коронавирус пандемиясы кезінде тұмауға қарсы екпе салдыруға бола ма?
- Профилактикалық вакцинация белгіленген мерзімде жүргізілуі тиіс. Тұмау эпидемиясы жылдың соңына қарай басталады. Вакцинация қыркүйек-қазан айларында жүргізіледі. Иммунитет бірнеше ай бойы дамиды, нәтижесі аурудың шыңына жеткен уақытпен сәйкес келуі керек.
- Қазір коронавируспен күресудің көптеген "балама" тәсілдері пайда болды. Темекі тартатын адамдар коронавируспен жеңіл ауырып шығады деген пікір тараған соң кейбір тұрғындар темекі тарта бастады. Бұл қаншалықты рас?
- Пульмонолог ретінде нақты ештеңе айта алмаймын. Никотин тромбоциттер активаторы болып саналады, ол қан ұюды күшейтеді. Темекі тартатындар жеңіл ауырып немесе мүлде ауырмайды демеймін. Бұл да ішімдік ішу туралы миф секілді. Ішімдік коронавирустан қорғамайды және емдемейді.
- Қымыз бен саумал жайында не айта аласыз?
- Біз қымызбен саумалдың дәмін көрдік. Дәмді екен, пайдалы да шығар. Алайда қымыз бен саумалда коронавирустан қорғауға әсер ететін заттар жоқ.