Нұр-Сұлтан тұрғындарына карантин кезеңінде, яғни 2 тамызға дейін сағат 23:00-ден кейін қалада жаяу жүруге болмайды. Бұл туралы елорданың бас санитар дәрігері Жанна Пралиеваның қаулысында бекітілген, деп хабарлайды Stan.kz.
"Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары келесі талаптарды қатаң сақтауды жалғастырсын: қала тұрғындары мен қонақтарының қала бойынша сағат 23:00-ден кейін жаяу жүруіне тыйым салу", - делінген құжатта.
65 жастан асқан адамдардың қала және басқа да қоғамдық орындар бойынша жүруі шектеледі.
19 шілдеден 2 тамызға дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларға, сондай-ақ отбасылық, еске алу іс-шараларына, форумдарға, конференцияларға, семинарларға, кездесулерге тыйым салынады.
"Үш адамнан көп емес немесе бір отбасы мүшелерін қоспағанда, табиғатқа экскурсиялық, корпоративтік, топтық сапарды ұйымдастыруға және рұқсат етілмеген жағажайларда суға түсуге тыйым салу", - делінген құжатта.
Жұмыс орнына және кері қарай қозғалуға, аулаларда серуендеуге және саябақтарға, алаңдарға, скверлерге, жағалауларға бару үшін жалғыз, ал топтарда – үш адамнан аспайтын серуендеуге рұқсат етіледі.
Қаулы 2020 жылғы 19 шілдеде сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.