$ 447.4  477.55  4.76

«Өзбекстанның инвесторларына жағдай жасаймыз»: түркістандықтар бау-бақша егуді көршілерден үйренуде

Кәсіпке салған қаржының қайтарымы болуы үшін өзбек шаруалары биыл қауын-қарбыздан 100 тонна өнім алмақ. Сосын жеміс-жидекті суару үшін салынған бассейнде 4 тонна балық өсіріп жатыр.

Өзбектер шөл даланы бау-бақшаға айналдырды. Нақтыласақ, көрші елдің шаруалары тұлдыр далаға өрік пен қауын-қарбыз егіп, көл-көсір табыс тауып отыр. Ол үшін өздері ойлап тапқан тың технологияны пайдаланады, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.

Осыдан үш ай бұрын бұл жерде шөл дала болғанын елестету қиын. Қазір бұл жерде жайнап тұрған бақ. Өзбекстандық диқандар мұнда өрік, қауын және қарбыз егіп қойған. Олар қолданып отырған теңдесі жоқ технология Түркістан облысының әкімдігін қызықтырып отыр.

Өзбекстандық шаруалар өрік ағаштарын 250 гектар шөл жерге отырғызған. Бір алқаптан жылына үш рет өнім алуды жоспарлап отыр. Әр гектардан кемі 5 тонна жеміс шығаруға болады дейді диқандар. Көңілді марқайтатын бұл көрсеткішке келер жылы бір-ақ қол жеткізбек. Әзірге өріктердің арасына бақша дақылдарын егіп, солардан пайда көріп жүр.

«Біз тамшылатып суару технологиясын қолданамыз. Бірақ, бұл инновациялық тәсілді біршама жетілдірдік. Ол үшін әр көшеттің астына су жастықтарын орнатып қойдық. Бұл шөлді аймақта бау-бақша отырғызуға мүмкіндік береді. Мұнда топырақтың құнарлы я құнарсыз екені маңызды емес. Бастысы, тұз болмаса болғаны. Ал қалған микроэлементтерді ағаштарға тың технологияның көмегімен жеткіземіз», - дейді шаруа Нұрәлі Абдуллаев.

Бау-бақша баптап, береке тапқан өзбек шаруаларының ойлап шығарған технологиясы Түркістан облысының атқамінерлерін қызықтырды. Шөл даланы баққа айналдырып, мол өнім алуға болатыны оларды қайран қалдырып отыр.

«Автоматты тамшылатып суару жүйесін пайдалану арқылы барлық алқаптағы жеміс көшеттері бір мезгілде су ішеді. Осы технология біздің делегацияны қызықтырып отыр. Бұл – Түркістан облысы үшін өте керек технология. Түркістан облысында да бір алқаптан үш рет өнім алу жобасы іске асып жатыр», - дейді Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Шаруашылықтағы технологияның тағы бір атап айтар тұсы бар. Тамшылатып суару жүйесі толықтай автоматтандырылған. Алқапта орнатылған 100-ден аса датчик көшеттерге су керек кезде өздігінен қосылады. Әрі бұл процесті смартфон арқылы бақылауға болады.

«Бұл жерге орнатылған метеостанция ауа температурасын өлшейді. Ылғал жетіспей жатса, компьютер тамшылатып суару жүйесін іске қосады. Демек, суару уақыты автоматты түрде белгіленеді. Сөйтіп, әрбір көшет белгілі мөлшерде сумен, сондай-ақ, микро және макроэлементтермен қамтамасыз етіледі. Осылайша, бұл ағаштардың бірдей өсуіне мүмкіндік береді», - дейді Нұрәлі Абдуллаев.

Арнайы технология жеміс-жидекті 3 аптаға дейін суармай өсіруге мүмкіндік береді. Шөл далада бақша отырғызып машықтанған мамандар Түркістан облысына шақыру алып отыр.

«Өзбекстанның инвесторларына жағдай жасаймыз. Біріншіден, сол жерлерге скважина қазуды мемлекет есебінен жасап береміз. Инвестор сол жерге көшетін, тамшылатып суару жүйесін ендіру арқылы бүкіл Түркістанның айналасында азық-түлік белдеуін жасауы керек», - дейді Нұрбек Бадырақов.

Кәсіпке салған қаржының қайтарымы болуы үшін өзбек шаруалары биыл қауын-қарбыздан 100 тонна өнім алмақ. Сосын жеміс-жидекті суару үшін салынған бассейнде 4 тонна балық өсіріп жатыр. Осылайша, көрші елдің диқандары жарты жылдан кейін шығынның жартысын қайтарып алмақшы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары