$ 445.66  474.58  4.78

«Алтын Орда хандары» тарихымызды танытатын кітап

Бұл кітапты балалар да, ересектер де оқи береді. «Алтын Орда хандары» ұлы дала тарихын тереңірек білгісі келетін талапты оқырмандарға арналған.
Фото: zen.yandex.ru
Фото: zen.yandex.ru

«Отан тарихы» топтамасы бойынша «Адамар» баспасынан шығарылған «Алтын Орда хандары» атты кітапта Алтын Орда мемлекетінде билік құрған бізге белгілі барлық хандардың өмірі мен қызметіне қатысты мәліметтер жинақталған. Сонымен қатар, бұл еңбектен Шыңғыс хан мен басқа да билеушілер туралы ақпараттарды алуға болады.

Бұл кітапты балалар да, ересектер де оқи береді. «Алтын Орда хандары» ұлы дала тарихын тереңірек білгісі келетін талапты оқырмандарға арналған.

Алтын Орданың 750 жылдығына орай Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шижаға ауылдық кітапханасы оқырмандар назарына Қайрат Бегалиннің «Алтын Орда хандары» атты кітабы туралы құнды ақпарат берді. 

«Біз оқыған ескі кітаптарда ел тарихы туралы мәліметтер тым аз еді. Соған байланысты көптеген дүниеге көзіміз жете бермейтін. «Алтын Орда хандары» кітабы 9 тараудан тұрады. Бұл еңбек барынша зерделеніп, талданып, оқырман көңілінен шығатындай етіп жазылған. Тарих даңқты қолбасшы деп мойындаған жарты әлемнің билеушісі болған Шыңғыс ханның дүниеге келуінен бастап ел билеуі және оның балаларының ел билеу саясатына араласуы бойынша жазылған еңбек әрі қарай Алтын орда хандарының тарихымен жалғасады.

Мұнда Шыңғыс ханның төрт ұлына бөліп берілген территориялары туралы егжей-тегжейлі жазылған. Сондай-ақ, Шыңғыс ұрпақтары тек Моңғол империясының ғана емес, бүкіл Еуразия құрлығында зор рөлге ие болғандығын оқырман қауым жақсы біледі. Алтын Орда тарихының бастауы туралы бұл кітапта тарқатылып айтылады.

Тарихқа зер салсақ, Жошының артында 14 ұлы болыпты. Бірақ, олардың ішінде Орда Ежен мен Батый ғана тірі қалған екен. Екеуі таққа кім отырады деген сауалмен атасы Шыңғыс ханға қарай жолға шығады. Ал, немерелерінің келе жатқанын естіген Шыңғыс хан болса олардың алдынан үш үй тіктіріп қояды. Осылайша алтын босағалы Ақ Орданы Батуға арнап тіктірсе, күміс босағалы Көк Орданы Орда Еженге, болат босағалы Боз Орданы Шайбаниге арнап тіктірген екен.

Алайда кейбір тарихшыларымыз бұл оқиғаны аңыз ретінде ғана қарап, тарихи негізге сілтеме бола алмайды дейді. Дегенмен, орта ғасырда өмір сүрген Әбілғазы Баһадүрдің еңбегі мен ХVI ғасырда өмір сүрген Хиуалық тарихшы Өтеміс қажы мұны аңыз емес, тарихи дерек ретінде растайды. Кітапта Қайрат Бегалин Алтын Орда хандарының нақты саны 71 деп келтіреді.Солардың ішінде саяси билікке қол жеткізген түменбасылар туралы ерекше атап өтеді», - деп кітап мазмұнымен бөлісті кітапхана қызметкерлері. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алтын Орда