Сыр өңірінде ұлы даланың ойшылы, данышпан, философ Әбу-Насыр Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай онлайн эстафета өтуде. Шығыс ғұламасының даналық сөздерін насихаттау мақсатындағы көркемдеп оқу эстафетасын Қармақшы аудандық Көшеней Рүстембеков атындағы
«Жыраулар үйінің» өнерпаздары жалғастырды.
«Қалаған рухани жаңғыруды,
Білімге арнап өткен бар ғұмырды.
Әл-Фараби бабамыз тәлімімен
Тасытқан кеудеңдегі жан нұрыңды.
Тұлғасына айналған адамзаттың,
Бір басына сыйдырып сан ғылымды», - деп жыр арнаған үйірме жетекшісі Сырым Әділбеков әлемге әйгілі ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің даналық сөздерін оқып берді.
«Ұстаздық мінез-құлық формасы мынадай болуы тиіс: ол тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені, аса қаталдық шәкіртті өзіне қарсы қояды. Ал, тым ырыққа көне беру қадірін кетіреді, берген білімі мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады», - деп Әл-Фарабидің даналық сөздерін көпшілікпен бөлісті.
Екінші ұстаздың нақыл сөздерін оқу бойынша «Даналық ойдан дән ізде» эстафетасы да жалғасу үстінде. Елтай Жансая есімді қармақшылық өрен Шығыс ғұламасының мағыналы сөздерін әлеуметтік желі арқылы оқырмандарға ұсынды.
«Ысылмаған адам дегеніміз – жалпы жұртқа мәлім нәрсе туралы дұрыс түсінігі бар және оны қабылдайтын немесе аулақ болатын адам. Алайда тәжірибе арқылы танып-білетін практикалық заттар жөнінде оның тәжірибесі болмайды. Кейде адам заттардың бір түріне ысылмаған болса, екінші түрінде тәжірибелі болып келеді», - деп ғұлама сөздерін оқыды.