$ 494.87  520.65  4.91

Сыр елі – төрт астана мекені

Ақмешітті астана ету процесі біршама уақытты алған еді. Қалың қазақтың қоныстанған  қаласын астана ету үшін Алаштың қайраткерлері білек сыбана атсалысты.
Фото: syr-media.kz
Фото: syr-media.kz

Сыр өңірінің белгілі ғалымы, түркітанушы, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосанов әлеуметтік желі оқырмандарына арнап «Сыр елі – төрт астана мекені» атты тарихи-танымдық онлайн дәрісін өткізді. Дәрісте Серікбай Қылышбайұлы Сыр бойындағы көне астаналар жайлы мәлімет берді. 

Сақтардың ізі қалған Шірік-Рабат

Сыр бойында қалалардың көп болғанын өздеріңіз де білесіздер. Соның ішінде астана болған төрт қала туралы әңгіме ететін болсақ, алдымен Сырдың ең көне шаһарларының бірі Шірік-Рабат жайында айтуға болады. Шірік-Рабат қалашығы б.з. IV-V ғасырларында Сырдың төменгі ағысында орын тепкен қала. Бұл қалашықты археологтар біраздан бері зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Ол маңнан біздің ата-бабаларымыздан қалған құндылықтармен байланысты көптеген экспонаттар табылған. Археологтардың пікірінше сақтардың әскери қорғаныс саласындағы немесе діни жоралғыларды орындайтын, сондай-ақ, қайтыс болған қадірлі адамдарын жерлейтін қорым ретінде пайдаланылғаны байқалады деген. Шірік-Рабатпен бірге бұл маңайда Бәбіш Мола, Баланды сынды ескі қалашықтар бар. Онда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің археологтары жұмыс істеп жатыр.  Бұл үш қаланың қайсысы сақтардың астанасы болғандығы әлі де зерттелу үстінде. Сыр бойындағы сақтардың ерекшелігі бұл ежелгі Хорезм мәдениетімен сабақтастықта болғандығынан көрінеді. Мысалы, Шығыстағы немесе Жетісудағы сақтардың көне мәдениетімен салыстырып қараған кезде олардың қорғандарынан ерекшелік көреміз. Ал, Сырдария бойындағы сақтар жартылай отырықшы болған. Сондықтан екі мәдениет арасындағы айырмашылықты байқауға болады.

Шетел ғалымдары қызығушылық танытқан Жанкент

Оғыздар дәуіріндегі қалалардың бірі ретінде Жанкентті айтамыз. Жанкент қаласы Сырдың Аралға құйылатын сағасындағы Қазалы маңында салынған оғыздардың бас қаласы делінеді. Жанкент жайлы көптеген шетел ғалымдары, Кеңес ғалымдары зерттеді. Бүгінде Ресейдегі арнайы археологиялық орталықтардан, Германиядан зерттеушілер келеді. Сонымен қатар, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары да Жанкентті зерттеу үстінде. Ескі мекеннің басты ерекшелігі қаланың бірнеше рет салынғандығында. Заманында кең аумақты алып жатқан Жанкентте Қорқыт ата өмір сүрген. Сонымен қатар, Бегім ана аңызымен Жанкент шаһарының байланысты болуы әдебиет, тарих, фольклор, археология саласында, жалпы түркі мәдениетінде үлкен рөл атқаратын маңызды қала екенін байқатады. 

Сығанақ Алтын Орда дәуірінен сыр шертеді

Жаңақорған маңында Сығанақ қалашығының орны бар. Сығанақ тек түркі тарихында ғана емес, қазақ тарихында да өзіндік орны бар маңызды қалаларымыздың бірі. Алтын Орда, Ақ Орда хандарының байтақ жері болған Сығанақта көптеген хандар өмір сүрген. Кейінгі зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бұл қаланың орнынан бірнеше ханның теңгелері табылған. Солардың арасында Тоқтамыс хан, Мүбәрак хандарды айта аламыз. Дешті Қыпшақтың соңғы атақты ханы Өзбек хандығын билеуші, көшпелі қыпшақтардың ханы Әбілқайыр хан осы қалада тұрған, Сығанақты астана қылған. Дүние салғаннан кейін осы маңайда жерленгендігі туралы деректер бар. Сыр бойындағы көне астаналарды тілге тиек еткен кезде Сығанақтың ерекше орын алатындығын және Қазақ хандығының да алғашқы астанасы болғандығын атап айтуымыз керек. 

Затаевичтің ән жинағының тұсауы Қызылордада кесілді

Ақмешітті астана ету процесі біршама уақытты алған еді. Қалың қазақтың қоныстанған  қаласын астана ету үшін Алаштың қайраткерлері білек сыбана атсалысты. Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанбек Қожанов сынды Алаш ардақтылары Қызылорданы астана ретінде көре білді. Таңдауға Ақтөбе, Шымкент секілді шұрайлы жерлер де ұсынылды. Осы орайда Сұлтанбек Қожанов: «Біз жерінің жақсысын емес, өзіміздің ұлттық мемлекетіміздің іргесін қалайтын қазақы жерге баруымыз міндетті» деген талап қойды. Осылайша 1925 жылы Қызылордаға Орынбордан алғашқы көш келіп жетті. Қызылорданың ол кездегі аты Ақмешіт болатын. Қазақ атқару комитетінің 5-съезі өтіп, оған Қазақстанның әр түкпірінен делегаттар келді. Съезде «қырғыз» аталып келген қазақ халқына өз атауы қайтарылды. Сондай-ақ, Ақмешітке Қызылорда деген атау берілді. Съезге келген қонақтарды Қызылорда вокзалында қарсы алғаннан кейін Атқару комитетінің ғимаратының алдында үлкен көрме ұйымдастырылды. Сол жолы Затаевичтің «Қазақтың мың әні» атты кітабының тұсауы Қызылордада кесіліп, халыққа табысталды. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары