$ 494.87  520.65  4.91

Алып мемлекет болған Алтын Орда

Түрік деректерінде Батый ханның әскерлері қыпшақтар деп аталды. Себебі, ұлан ғайыр өлкеде орналасқан мемлекет халқының басым бөлігі түркітілдес қыпшақтар болатын. Мемлекеттің басты саяси-мәдени тілі қыпшақ тілі еді.
Фото: pinterest.com
Фото: pinterest.com

Алтын Орда мемлекетінің құрылғанына 750 жыл толуына орай Сыр өңірінде эстафета өтуде. Оқырмандарға төл тарихымызды насихаттау мақсатында ұйымдастырылып жатқан онлайн шара фейсбук әлеуметтік желісі арқылы іске асырылуда. Алтын Орда жайлы кезекті шығарылымды Қармақшы ауданы кент кітапханасының қызметкері Ғазиза Ақжанова жариялады. Ұлық ұлыс туралы бейнематериалда Алтын Орданың мемлекеттік тілі, діни ұстанымы, шапқыншылық жорықтар, қарыштауы мен құлдырау кезеңдері туралы мәлімет берілді. 

«1227 жылы Жошы хан дүниеден өткен соң оның орнына ұлы Бату таққа отырды. 1235 жылы Монғол империясының астанасы Қарақорымда өткен құрылтайда батысқа шапқыншылық жорығын жасау туралы ұйғарылды. Бұл жорық 1236 жылы басталды. Алтын Орданың астанасы Сарай Бату, кейінірек Сарай Берке қаласы болды.

Түрік деректерінде Батый ханның әскерлері қыпшақтар деп аталды. Себебі, ұлан ғайыр өлкеде орналасқан мемлекет халқының басым бөлігі түркітілдес қыпшақтар болатын. Мемлекеттің басты саяси-мәдени тілі қыпшақ тілі еді. Оның құрамындағы халықтар негізінен мұсылмандар болды. Кейіннен араб жазбасы Алтын Орда мемлекетінде кеңінен қолданыла бастады. Алтын Орда әскерлері оң қол, сол қол деп екі қанатқа бөлінді. 

Алтын Орда заманында Мөңке хан өз атынан теңге шығара бастады. Өзбек және Жәнібек хандар тұсында бұл мемлекет едәуір дамыды. 1312 жылы Өзбек хан тұсында ислам діні мемлекеттік дін болып жарияланды. XIV ғасырдың екінші жартысында Алтын Орда тәуелсіз иеліктерге бөліне бастады. 1359-1379 жылдар аралығы Алтын Орда тарихында ұлы дүрбелең кезеңі деп аталды.

Ақсақ Темірдің солтүстік пен батысқа жасаған жорығына Алтын Орда мемлекеті кедергі жасады. Әмір Темір мен Тоқтамыс ханның арасындағы шешуші шайқас 1395 жылы болды. Алтын Ордаға Темір мемлекетімен болған соғыс өте ауыр тиді. Әмір Темір әскерлерінің 1389-1391 және 1395 жылдардағы жорықтарының нәтижесінде Алтын Орда талқандалды. Алтын Орда мемлекеті XV ғасырдың ортасына қарай біржола құлдырады», - деп баяндалды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алтын Орда