21.07.2020, 18:00

Асхат Аймағамбетов «әліппені» оқушылар қашан оқитынын айтты

Фото: ашық дерек көзі
Қазіргі кезде оқулықтарды әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобын құрдық.

Бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына "Әліппе" мен "Ана тілін" оқитын болады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

 

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды.

"Әліппе бойынша. Жақында Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өтті.

Ондағы маңызды жаңалықтардың бірі –келесі 2021 оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады.

Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды.

Сәйкесінше, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндері жүргізіледі. Айта кетейін, «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады.

Қазіргі кезде оқулықтарды әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобын құрдық.

Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған «Әліппе» оқулықтарының авторлары бар. Орынбасарым Шолпан Каринова осы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп те үлгерді.

Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Кейін басқа мектептерге жіберілетін болады. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда", - деп жазды А. Аймағанбетов.