Бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аймаққа айналатынын айтты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін министрлік Көбейтұз көлін қорғау бойынша алғашқы шараларды қабылдаған. Министрлік мамандарының айтуынша көлден алынған сынама кәдімгі қарапайым ас тұзымен бірдей екенін көрсеткен. Сондай-ақ, қоғамдық бақылау кеңесі құрылып, еріктілер мен құқық қорғау органдарының арасынан көлді тексеретін топ құрылады. Қазір Экология министрлігі жағдайды талдап, қосымша шаралар әзірлеуде.
Министр Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, көлдер мен басқа да табиғи нысандарда болудың белгіленген тәртібін, санитарлық нормалар мен экологиялық заңнаманы бұзушылар жазаланады, айыппұлдар артады, заңбұзушылық үшін жауапкершілік күшейтіледі. Әкімшілік кодекстің 505-бабына сәйкес («Қалалар мен елдімекендердің аумақтарын абаттандыру, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын қирату, қаланың және елдімекендердің жасыл көшеттерді бұзу және бүлдіру» баптарына сәйкес) Көбейтұз көліндегі стихиялық қоқыс үшін бірнеше адам жауапқа тартылды.
«Сондай-ақ, экологиялық бекеттер құру жоспарлануда. Бірақ осы бірегей көлге құмартатындар саны артуда. Демек, жалпы алғанда, ең алдымен, азаматтарға мұндай жерлерде жүріп-тұру ережелерін түсіндіру және эко мәдениетті көтеру, тұзды өзімен бірге алып кетуге болмайтынын, оның ешқандай емдік қасиеті жоқ екенін, ал көл туристердің осындай әрекеттерінен жойылып кетуі мүмкін екенін түсіндіру қажет. Сондай-ақ, біз қоғам белсенділерін, экологтарды, эко-белсенділерді осы жұмысқа жұмылдырмақшымыз», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Министр атап өткендей, бұл елдегі басқа да табиғи нысандардағы жағдайларға, оның ішінде Алматыдағы Бурабай немесе Первомайский тоғандарындағы оқиғалар немесе Қызыл кітапқа енген лотос гүлін жұлып алу жағдайы да ведомства өкілдерінің алаңдаушылығын туғызуда.
«Айыппұлдардан басқа, халыққа үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыру керек. Ересектер өздері балаларға табиғатты аялауды үйретіп, үлгі болуы керек. Бұл жұмыстарға жергілікті әкімдіктер де белсене қатысады деген ойдамыз», - деді министр.