700 мыңға жуық қазақстандық бизнесмен бюджетке салық төлеуден босатылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2020 жылдың 1 маусымына дейін шағын және орта бизнес субъектілері үшін барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін ұзарту енгізілді. Экономиканың неғұрлым осал секторларында жыл соңына дейін мүлікке салынатын салық ставкасы нөлге теңестірілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жыл соңына дейін жер салығының ставкасы нөлге дейін төмендетілді. Асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында қосылған құн салығын импорт кезінде есепке алу әдісімен төлеу мүмкіндігі берілген, бұл жалпы салықтан босатуды білдіреді.
"2020 жылдың 1 қазанына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығы мөлшерлемесі 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді.
Экономиканың ең көп зардап шеккен 29 секторында 2020 жылдың 1 қазанына дейін еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша нөлдік ставкалар белгіленді. Бұл жеке табыс салығы және қызметкердің міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік салық және әлеуметтік аударымдар, міндетті медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар.
Жалпы, шаралар 1 трлн теңгеге жуық сомаға шамамен 700 мың салық төлеушілерді қамтиды.
Бұдан басқа, бұрын төтенше жағдай кезеңінде шағын және орта бизнестің борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін негізгі борышты және кредиттер бойынша сыйақыны төлеу бойынша 90 күнге кейінге қалдыру берілген болатын", - делінген ресми хабарламада.