Сәтбаев қаласындағы шулы оқиға болған түні педофильді қатаң жазаға тартуды сұрап, көшеге шыққан жастарды полиция күшпен ұстап, қамауға алып жатыр. Оларды жертөлеге апарып ұрып-соғып, ешқайда шығармай қамап отыр. Instagram желісінің qazaqstan_eli деп аталатын топ парақшасында бір жігіттің полиция қызметкерлеріне қарата айтылған үндеуі пайда болды. Үндеуде мұндай сорақы әрекеттер жалғаса берсе, арты жақсылыққа апармайтынын айтқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Үндеуінде жігіттің өзі де жергілікті полиция тарапынан тура осындай қысым көріп отырғанын айтқан.
«Сол түні халыпен бірге көшеге шығып, «педофильге ату жазасын берсін» я болмаса халықтың қолына тапсырсын» деп сұраған болатынмын. Бірақ мен ештеңені сындырып, қиратқан жоқпын. Менің үйіме күніне төрт-бес рет, біресе маскамен, біресе каскамен әке-шешемді уайымдатып, бала-шағамды шошытып, розыскқа береміз деп қорқытып полиция келеді. Мен сендерге көмектескен жоқпын ба? Полиция қызметкерлерін сол топ арасынан алып шығып, Нива көлігінің қасына апарып, бет-қолын жудыртқан едім. Бұл бейнежазбаларда да бар», - делінген жігіттің үндеуінде.
Сонымен қатар ол полицияның мұндай сорақы әрекеттері халықты одан сайын ашындырып отырғанын айтқан.
«Халықты ашындырмасаңдаршы! Бұларың енді шектен шыққандық! Екі-үш адамның басы қосылса болды, салып алып барып, УВД-ға апарып, «сындырып» жатырсыңдар. УВД-ның жертөлесінде 50-60 адамды күшпен ұстап отысыңдар. Олардың да ата-анасы, отбасы, бала-шағасы бар. Күтіп отыр. Жұрт дәрі-дәрмекке зәру болып, май мен нан таппай қиналып отырғанда, полиция қызметкерлері бізді қорғай ма әлде қорқыта ма?», - деп жанайқайын білдірген.
Басында айтып өткеніміздей, оның өзіне де шақырту келген.
«Мен УВД-ға кірем! Маған біреуі қол ұшын тигізіп, «сындыратын» болса, менің өмірім сол жерден тоқтайды. Оған кінәлі - МВД мен полиция қызметкерлері болмақ!», - деп сөзін түйіндеген.