31.07.2020, 01:45

«Қарғаның өзін таппай қалдық»: Қазақстанның құстары кенеттен қайда жоғалып кетті?

фото: qazaly.kz
«Билік коронавирусты жоямын деп айналаны немен улап жатқанын білгіміз келеді. Жалғыз бізде ғана емес, өзге аудандарда да құстардың орнын сипап қалды халық», - дейді Бибігүл Ибрагимова.

Астанада жоқ-жоқ. Алматыда жоқ-жоқ. Ауылда да қалмай барады. Мәселе қанаттылар жайында. Барша адам карантинде отырған соң көшеде де, қу медиен далада да жан-жануар еркінсіп, қаптап кетуге тиіс еді. Алайда, сыртқа шығып жүрген жандар үйде отырған отбасы мүшелеріне бір үрейлі көріністен сыр шертетінді шығарды: құстар көзге түспейтін болыпты, көріне қалса, тым сирек.

Тамылжыған тамыз таяды, ал құстардың шаттыққа толы әні естіле қоймайды. Осыған алаңдаған адамдардың алды Экология министріне, жергілікті әкімдерге шағым хат жазып жатыр.

Олардың айтуынша, Кеңес кезінен бері күн жыли сала саяжайға сапарлауды үдететін қалалық кемпір-шалдар осы жазда ол жаққа аяқ басудан сескенеді: саяжайға жеткенше жолай құстардың шыбын-шіркей үймелеген өлекселері ұшырасады, қиямет-қайым жақындағандай сезім туып, көңіл қобалжытады деседі. Коронавирус пандемиясымен күрестен бас көтере алмай жатқан билік өкілдерінің де, волонтерлердің де оларды жинап жүруге мұршасы жоқ.

Құстардың тағдырына алаңдаған адамдардың бірі – Алматы тұрғыны Бибігүл Ибрагимова. Ол кісі Алматы қаласының Наурызбай ауданына қарасты Тау жолы кентінде тұрады.

«Біздің ауыл тұмса табиғат аясындағы, тау етегіндегі экологиялық таза жер саналады. Бұл жақта бұрыннан қарлығаштар көп. Білесіз бе, қарлығаштар тек ауасы таза, табиғаты ластанбаған жерді ғана мекен етеді. Сондай-ақ, өңірде торғайдың бірнеше түрі, қараторғай, сандуғаш, орман кептері, сауысқандар, қарғалар, тіпті, жыртқыш тұйғын, қаршыға кездеседі.

Дәлірек айтқанда, күні кешеге дейін солай болды. Соңғы кездері солардың бәрі жоғалып кетті. Мысалы, төрт күн болды, аспанда ұшқан бірде-бір құс жоқ. Қандай нәубет болса да, қарға қалады ғой, өте жанкешті құс. Соның өзін таппай қалдық», – дейді апай.

Өзге қазақстандықтар секілді, ол да «қауырсынды тіршілік иелерін жаппай дезинфекциялау шарасы құртты ма?» деген жорамал жасайды.

«Билік коронавирусты жоямын деп айналаны немен улап жатқанын білгіміз келеді. Жалғыз бізде ғана емес, өзге аудандарда да құстардың орнын сипап қалды халық. Әнеу кезде ұшақпен әуеден әлденені сеуіп кетіпті деген қаңқу сөз шыққан. Оны Үкімет жоққа шығарды. Не десе де, бұл жақсы көрініс емес.

Табиғат-анада бәрі тепе-теңдікке құрылған. Құстар құрыса, бау-бақшаларымызда, егістіктерде шегіртке және басқа зиянкестер күрт көбейеді. Астықтан, жеміс-көкөністен дым қалдырмайды. Ауыл шаруашылығы, саяжайлар күйрейді. Адамдар азықсыз қалады.

Бұл бақша, егіндікпен шектелмейді. Құстардың жоқ болуының салдары елдегі барлық орманға, жайлауға, тау етегіндегі өсімдіктерге үлкен залал болып тиеді», – деп қамығады Бибігүл Ибрагимова.

Қоғам белсенділері дезинфекциялау шаралары табиғатқа сонша зиян келтіріп отырса, оған жауапты тұлғалар мен компанияларды жазалап, сорақы тірлікті тез тоқтату, салдарын жоюға міндеттеу керек дейді. Экология ведомствосы бұл пікірталасқа араласпай, тым-тырыс отыр.

Билік арасынан бірінші болып Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жауап қатты. Ол COVID-19 індетімен күрес аясында көшеге шашып жатқан дәрілері қоршаған ортаға сонша зиянды емес деп сендірді.

«Алматы қаласында біраздан бері подъездер мен аулаларды дезинфекциялау шаралары жүргізіліп жатыр. Ол үшін 2 түрлі залалсыздандыру құралы қолданылады, бұлар – «Глюзамин» және «Акма-Хлор». Оның қайсысын пайдаланатынын нақты бір ауданға қызмет көрсететін мердігер өзі шешеді.

«Акма-Хлордың» өзіне тән күлімсі иісі бар, ал «Глюзаминді» иіссіз деуге болады. Атап өтер жайт, қолданылатын бұл құралдар қауіптілігі төмен химиялық заттар санатына жатады және зиян келтірмейді», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Ол аталған «дезөнімнің» екеуі де Қазақстанның өзінде жасалатынына, Қытайдан, не басқа елдерден әкелінбегеніне назар аудартты. «Бұлар – қазақстандық өнім, СТ-KZ сертификатына ие. Тиісінше, өз еліміздің санитарлық-гигиеналық нормаларына сәйкес келеді, теріні қабындыратын әсері жоқ. Сонымен бірге, микробтарға қарсы белсенділігі өте жоғары», – деді әкім.

Орнитолог ғалымдар тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің әр түкпірінде құстардың жаппай қырылу құбылысы орын алып жатқанын хабарлады. Таяуда жарияланғандай, Солтүстік Америка құрлығы шамамен 3 миллиард құстан айырылып қалған. Олардың арасында торғай, қарлығаш, айқабақ, шымшық, сандуғаш секілді кең таралған құстардың 19 түрі де бар. Осы құрлықтағы құстардың 604 түрінің 389-ына жер бетінен жойылып кету қаупі төнді.

Ұқсас жағдай өзге құрлықтарды да қамтуда. BirdLife International ұйымы Ұлыбритания, Франция және Испания ғалымдарымен бірге кең ауқымды зерттеу жүргізе келе, Еуропада кең таралған құс түрі – көгершіндер тұқымына жататын, парктерді мекендейтін орман кептері алапат қарқынмен жойылып бара жатқанын мәлімдеді.

Францияда бозторғай, бүркіт, құр және басқа түрлері көп қырылуда. Еуропада ауыл шаруашылығы егістіктеріне жақын жерді мекендейтін 39 құс түрінің 24-і, соның ішінде құтан (аққұтан, көкқұтан, ләйлек) мүлдем жойылған.

Ғалымдар бұған климаттың өзгеруі; шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаның улануына соқтыратын пестицидтерді белсенді пайдалану; ормандардың қарқынды оталуы себеп деген байлам айтады. Оның үстіне Жер ғаламшарының қызуы 1°C-қа көтерілді.

Әрине, бұл адамдардың теріс ықпалымен біраз уақыттан бері жүріп жатқан кері құбылыстар және бізде құстардың тосыннан әрі күрт жоғалып кетуін түсіндіре алмайды. Осының алдында азаматтар Алакөлде, Аралтөбе шағын аралында жабайы үйректердің әлденеден қырылып жатқанын айтып, дабыл қақты.

20 шілдеде «Қазгидромедтің» ШҚО бойынша филиалы зертханасының мамандары Алакөлден су сынамасын алып, химталдау жасады. Көл суында магний және хлорид нормадан асып кеткені анықталыпты. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ғалымдармен бірігіп, құстарға келген зобалаңға терең зерттеу жүргізсе, артық болмас.

Жанат АРДАҚ