$ 494.87  520.65  4.91

Ресей Байқоңырдан тағы бір «Протон-М» зымыран тасығышын ұшырды

Зымыран 31 шілденің түнінде ұшырылған. Ол Ресейдің телекоммуникациялық «Экспресс-103» және «Экспресс-80» ғарыш аппаратын алып ұшқан.
фото: inform.kz
фото: inform.kz

Ресей «Байқоңыр» ғарыш айлағынан кезекті рет «Протон-М» зымыран тасығышын ұшырды. Бұл туралы «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы хабарлады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Зымыран 31 шілденің түнінде ұшырылған. Ол Ресейдің телекоммуникациялық «Экспресс-103» және «Экспресс-80» ғарыш аппаратын алып ұшқан. Зымыранның ұшуы штаттық кестеге сай қалыпты жағдайда өткен.

Гептил отынымен ұшатын, жерге бөлшектері құлайтын «Протон М» зымыранын қазақстандық экологтар мен құқық қорғаушылар жиі сынайды. Олар 2015 жылғы киіктердің қырылу оқиғасын жерге зымыран отынының төгілуімен байланыстырған. Сондай-ақ, «Протон М» зымыран тасығышының экология мен адам денсаулығына қаупіне қатысты әртүрлі ұйымдар қарсылық акцияларын жиі өткізіп тұратын. Кейінгі жылдары ол қарсылық басылды. Ал Ресей «Протон М» зымыран тасығышын ұшыруды әлі жалғастырып келеді.

Соңғы бірнеше жылда «Протонмен» байланысты бірқатар ірі апат болған. 2013 жылы жазда «Протон М» зымыраны әуеге көтеріле сала жерге құлаған.

Ресей Байқоңырды 1994 жылдан бері Қазақстаннан жалға алып келеді. Жалға алу мерзімі 2050 жылы аяқталады деп хабарланған. Ресей жалға алғаны үшін жыл сайын Қазақстанға 115 миллион доллар төлейді.

Былтыр Ресейге жалға берілген «Байқоңырдың» біраз жерін қайтарып алу туралы хаттама бекітілген. Сол кезде Ауылшаруашылығы министрлігі Ресейге 650 мың гектар жер жалға берілгені бекітілген хаттамаға сәйкес, 11 мың 600 гектар жер қайтарылатынын айтқан еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары